×

СҚО-да полиция қаруы бар 7,5 мыңнан аса адамды тексеруге кірісті

Олар 180 мыңға жуық үйде болған

 Дәурен Ерболат 22.09.2023 | 13:55
Фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қаруы бар 7,5 мыңнан аса адамды тексеріп жатыр, деп хабарлады Polisia.kz.

15 тамыздан бастап учаскелік тәртіп сақшылары «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жұмыс істеп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – халықпен байланысты нығайту. Олар үй-үйді аралап, тұрғындарға телефон нөмірін беріп, интернет-алаяқтық туралы ескертті әрі сақ болуға шақырды.   

Полицейлер маскүнемдер, отбасының шырқын бұзатындар мен бұрын сотталғандарды және басқа да санат бойынша полицияда есепте тұрғандарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеруді күшейтті.

Бүгінде полиция есепте тұрған 5600-ден аса адамды тексерді. Қару иелері де ерекше бақылауда. Облыста олардың саны – 7 543.

Тексеріс барысында қаруды сақтау ережесін бұзудың 33, қаруды тіркеу және қайта тіркеу мерзімін сақтамаудың 34 дерегі анықталды. Тіркелмеген 11 тегіс ұңғылы қару тәркіленді.

Облыста барлығы 540 мыңға жуық адам тұрады. Бүгінде учаскелік полиция инспекторлары 100 мыңнан аса жер үйде, 80 мыңнан аса пәтерде, оның ішінде 700-ден аса жалға берілетін пәтерде, 5 мыңға жуық саяжайда, 1,5 мыңға жуық шаруа қожалығы мен қыстақта болды, - деді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Айдын Байматов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама