×

Жемқорлықпен сотталғандардың сайлану құқығын шектеу конституцияға сәйкес деп танылды

Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Конституциялық сотқа өтініш берген

 Динара Амантай 21.09.2023 | 10:20
Фото: Halyq Uni

Конституциялық сот сыбайлас жемқорлық үшін сотты болғандардың сайлану құқығын шектеуді конституциялық деп таныды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Конституциялық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, сотқа П. Жандарбековтің «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағы 2) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініші түскен.

Даулы норма сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі сотпен заңда белгіленген тәртіппен танылған адам үшін сайлану құқығын мерзімсіз шектеуді белгілейді.

Өтініш иесі Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде ұсынылып, тіркелген болатын. Кейін сайлау комиссиялары өтініш берушінің бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуын негізге алып, хаттамалық шешімдерімен өтініш берушінің депутаттыққа кандидат ретінде тіркелуінің күшін жойған.

Барлық сот сатыларының шешімдерімен өтініш авторына Сайлау туралы Конституциялық заңның 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сілтеме жасай отырып, қабылданған шешімдерге дау айту туралы аумақтық сайлау комиссиясына талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған, – делінген сот хабарламасында.

Конституциялық сот негізгі Заңның 3 және 33-баптарында азаматтардың тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініштер беру құқығының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқығының конституциялық негіздері белгіленетінін атап өтті. Конституция субъективті сайлау құқығына базалық шектеулерді бекітті: сот азаматтарды әрекетке қабілетсіз деп таныған жағдайда және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған кезде олардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ (33-баптың 3-тармағы).

Сонымен қатар, конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын негізді шектеуге заңдармен жол берілетін жалпы ереже бекітілді (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы).

Осылайша, сайлау құқығы қатынастары субъектілерінің құқығы мен міндетіндегі айырмашылықтарға конституциялық аса маңызды мақсаттар, негізділік пен мөлшерлестік көзделген жағдайда жол беріледі. Жария және жеке мүдделердің конституциялық теңгерімін сақтау қажеттілігі де сайлаушылардың сайлау науқаны кезінде кандидаттың жеке басы туралы өз пікірін жасап, оның беделіне баға беру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Аталған тәсілдер азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенім деңгейіне әсер етеді.

Конституциялық Сот сыбайлас жемқорлық конституциялық қауіпсіздікке төнетін елеулі қауіп-қатер ретінде танылғанына атап көрсетті. Ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіреді, құқықтық тәртіп пен демократиялық негіздерге зиян келтіреді, экономикалық реформаларды жүргізуге кедергі келтіреді, мемлекеттік аппараттың қызметіне кір келтіреді, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін кетіреді және сайлауға қатысуға құлықтылық ынтасын жояды.

Сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіп-қатерлердің бірі ретінде қарастырылады («Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы).

Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін және мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары мен нормаларын, соның ішінде шектеулерді қоса алғанда, белгілейтін бірқатар қабылданған заңдарда тиісті алдын алу ережелерін бекітті.

Қазақстан Республикасының заңнамасы сыбайлас жемқорлыққа кешенді қарсы іс-қимыл жасау қажеттігіне негізделеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және өзге де шараларды қамтиды.

Белгіленген тәсілдер 2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының (бұдан әрі – Конвенция) ережелерімен үйлеседі, оның мақсаты – басқа да мақсаттармен қатар, адалдық пен сатылмаушылықты, жауапкершілікті, сондай-ақ жария істер мен жария мүлікті тиісінше басқаруды көтермелеу.

Конституциялық Сот азаматтың өтінішін тексеру қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамның кандидат ретінде сайлауға қатысуын шектеуге қатысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама