×

Жаһанданудың соңы және келесі пандемия қандай болады: Nobel Fest-2023 қатысушылары не туралы айтады?

Жыл сайын шараға 100 елден 500 мыңға жуық қатысушы келеді

 Халық үні 20.09.2023 | 12:02
Фото: nobel-fest.org

5-6 қазан күндері Астанада «Nobel Fest: Digital Upgrade» өтеді. Фестивальге Нобель сыйлығының лауреаттары мен ғылым, ақпараттық технологиялар, экономика және инновациялар саласындағы жетекші сарапшылар қатыспақ.

Белгілі ғалымдар мен сарапшылар цифрлық әлем мен адам санасы, болашақтың технологиясы туралы ойларын ортаға салады.

Атап айтқанда, дүние жүзіне белгілі футуролог, болашақтың технологиясы саласындағы ең беделді тұлғалардың бірі Герд Леонгард «Біз білмейтін әлем: Жасанды интеллект дәуірі» тақырыбында сөз сөйлесе, М.В. Ломоносов атындағы ММУ профессор Александр Каплан «Цифрлық әлемдегі адам миының ресурсы: ерекшелік немесе санаға жол» атты баяндамасын оқиды. Ал белгілі нейробиолог, «Адам миы» жаһандық жобасының негізін қалаушы, University College London Неврология институтының құрметті профессоры, Universite de Lausanne нейроғылым клиникасы кафедрасының меңгерушісі Ричард Фраковяк «Адам миы мүмкіндігінің шегі бар ма?» деген тақырыпта білгенімен бөліседі.

Одан бөлек цифрлық әлемдегі экономика, білім беру мен қоғамдық қатынастар туралы TikTok коммерциялық директоры Мишель Шнайдер, автокөлік әлеміндегі ең беделді дизайнер Фрэнк Стивенсон, халықаралық экономист Марк Узан да сөз сөйлейді.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья мен 2022 жылы өмір туралы ғылым саласындағы серпіліс үшін әлемдік сыйлық иегері Паскаль Майер ендігі жаһандық пандемия қандай болуы мүмкін екені туралы пікірлерін ортаға салады.

Айта кетейік, шара биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің басты мақсаты – мыңдаған қазақстандықтың білімге, ғылымға және инновацияға қызығушылығын арттыру. Жыл сайын Nobel Fest 100 елден 500 мыңға жуық қатысушы мен 500 университетті біріктіре отырып, жарқын болашақты қалыптастырудағы жан-жақты білімнің маңызын айшықтайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама