×

«Азық-түлік корпорациясы» АҚ басшылары ұсталды - Антикор

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 18.09.2023 | 16:15
Фото: atameken.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, стратегиялық шикізат-астықты жымқыруға жол бермеу мақсатында «Азық-түлік келісім-шарттық корпорациясы» ҰК» АҚ қызметінде жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Жемқорлықта «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-тың өңірлік филиалдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының бірқатар басшысы ұсталды.

Астық ұрлау фактілерін жасыру үшін пара беру кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның көмекшілерінің ісі әшкереленді. Сонымен қатар жасалған қылмысты жасыру кезінде астық базаларының бұрынғы директоры мен оның серіктестерінің пара беруге әрекет жасағандары анықталды. Қазір күдіктілер соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Астана қаласында қаржы департаментінің директоры мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ бас менеджеріне қатысты тергеу аяқталды.

Тергеу кезінде олардың бидай түрінде тауарлық несие бергені үшін коммерциялық ұйым басшысынан 800 мың теңге пара алғаны анықталды. Айыпталушылар сотқа тартылды.

Арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижелері бойынша «Азық-түлік корпорациясы» АҚ Қостанай облыстық өкілдігінің директоры әшкереленді.

Ол ЖШС өкілінен 100 мың тонна бидай көлемінде тауарлық несие алу мәселесін оң және кедергісіз шешкені үшін 350 мың теңге пара алды деген күдікке ілікті. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама