×

Елдегі түсті металдар қоры 10-15 жылда таусылуы мүмкін - комитет төрағасы

Мысалы, ШҚО-да Шемонаихинское, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское сияқты ірі қорғасын-мырыш кен орындары толығымен игерілді

 Еркеғали Болатұлы 15.09.2023 | 15:56
фото: foto-ram.ru

Қазір еліміздегі экспорттың айтарлықтай үлесін құрайтын түсті және бағалы металдар қоры 10-15 жылда таусылуы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігі индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлімдеді.

Ол Қазақстан геологтарының бірінші съезінде сөз сөйлеп, шикізатты импорттау тек жоғары көліктік шығындарға ғана емес, сонымен қатар тау-кен өндіруші елдердегі тұрақсыз саяси жағдайға және шикізат экспортына шектеулер енгізу ықтималдығына байланысты тәуекелдерге әкелетінін атап өтті. Қазір кеңес дәуірінде қалыптасқан минералдық-шикізаттық базаны қарқынды игеру, қорлардың аз толтырылуы олардың бірте-бірте сарқылуына алып келеді.

Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында Шемонаихинское, Юбилейно-Снегирихинское, Зыряновское сияқты ірі қорғасын-мырыш кен орындары толығымен игерілді. Сол себепті «Қазақстан алюминийі» АҚ Торғай боксит кеніші 65 жыл жұмыс істегеннен кейін «ERG» АҚ барлық жұмысын тоқтатты. Жалпы қазір экспорттың қомақты үлесін қамтитын түсті қорлар мен бағалы металдарды 10-15 жылда өндіріп бітуге болады, – дейді Тұрар Жолмағамбетов.

Сондай-ақ ол еліміздің кейбір өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шикізат тапшылығы мәселесіне тоқталды. «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ – әлемдегі бериллий өндіруші 3 елдің (АҚШ, Жапония) және тантал өнімдерін шығаратын 4 өндірушінің (АҚШ, Жапония, Қытай) бірі. Өндірілген өнімдер толығымен экспортталады. Оны Plansee SE, Auerhammer Metallwerk GmbH, AVX Lanskroun сияқты еуропалық компаниялар да тұтынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама