×

БҰҰ операциясы: ҰҚШҰ күштерін қолдану тәртібі айқындалды

Құжатқа «үйлестіруші мемлекет» деген ұғым енгізіледі

 Дәурен Ерболат 14.09.2023 | 14:50
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Сенат депутаттары «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында қол қойылды.

Ондағы мақсат – ҰҚШҰ мүшесі саналмайтын мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін айқындау.

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, хаттама қолданыстағы нормативтік-құқықтық актіге, бітімгершілік туралы келісімге хаттама арқылы түзетулер енгізу бітімгершілік қызметінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруді көздейді.

Мәселені ретке келтіру барысында халықаралық ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатыса алмайтындығы анықталды. Осыған байланысты ұйым мүшелерінің бірі үйлестіруші мемлекет ретінде әрекет етеді, ал қалғандары қажет болған жағдайда оған қосыла алады деген шешімге келді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше емес мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жүргізілетін бітімгершілік операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібі нақты айқындалды. Үйлестіруші мемлекет мәртебесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетке берілуі мүмкін, - деді депуттат.

БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу үшін хатшылықтың мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады.

Үйлестіруші мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы қаражаты есебінен логистика, контингентті тасымалдау және қаржылық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

Әрбір (ҰҚШҰ-ға мүше) мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысуы ерікті және қатысу дәрежесін дербес шешеді. Жоғарыдағы құжат Қазақстан мүдделеріне сәйкес келеді және Ұжымдық күштерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ жедел және уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Негізінен Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық бітімгершілік процесіне белсенді түрде қатысып келеді және аталған хаттаманы ратификациялау еліміз үшін маңызды құжат болып саналады», - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенаттың тұрақты комитеттерінен заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар түспеген.

Сондай-ақ депутаттар Мәжіліс қабылдаған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңын қарастырды.

Келісімнің мақсаты құзыретті органдардың ынтымақтасу тетігін айқындау, жіберуші және қабылдаушы Тараптар юрисдикциясының ара-жігін ажырату, ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралымдарының құрамына кіретін адамдарға қатысты қылмыстарды тергеу тәртібін айқындау болып саналады.

Келісімнің міндеті – қылмыстарды жылдам және жан-жақты тергеп-тексеру, сондай-ақ қылмыс іздерін процестік бекіту мәселелері бойынша бірлескен жедел-тергеу топтарын құру, осы қылмыстарды жасаған адамдарды анықтау, ұстап алу, күзетпен қамауға алу және беру. Жалпы келісім Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттермен көпжақты ынтымақтастықты жақсартуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстан Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заңы да талқылауға шығарылды.

Келісімнің мақсаты – ҰҚШҰ әскерлерін (Ұжымдық күштерін) қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың қазіргі заманғы бір типтегі және (немесе) үйлесімді үлгілерімен, сондай-ақ материалдық құралдармен қамтамасыз етуге бағытталған келісілген әскери-техникалық саясат болып саналады.

Келісімнің міндеті – ҰҚШҰ әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен, материалдық құралдармен қамтамасыз ету, оны Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес Тараптар өз қаражаты есебінен дербес жүзеге асырады.

Келісімді ратификациялау нәтижесінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерлерінің (Ұжымдық күштерінің) топтарын бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру кезінде Тараптардың өзара іс-қимылы мәселелерін реттеледі.

Сенаторлар дауыс беру нәтижесінде аталған заң жобаларын мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама