×

Ким Чен Ын Ресейге барды

Екі елдің басшысы Владивостокта кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 12.09.2023 | 17:04
Фото: NEXTA Live

Ресейге Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын барды. Ол Владивосток қаласына арнайы бронды пойызбен жетті.

Ертең осы жерде оның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі жоспарланып отыр. Кремль Ким Чен Ынның Владивостокқа келгенін растады. Бірақ Путиннің КХДР басшысымен қай кезде, қай жерде кездесетіні туралы әлі ештеңе хабарлаған жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, екі ел басшыларының кездесуі жоспарланған. Ресми түскі ас болады.

АҚШ КХДР басшысының Ресейге сапарына байланысты мәлімдеме жасап та үлгерді.

Егер Солтүстік Корея РФ-ға қару-жарақ сататын болса, тағы да қатаң санкцияға ілігеді, – деп мәлімдеді Мемлекеттік департаменттің өкілі Мэтью Миллер.

Ал РФ президентінің баспасөз хатшысы АҚШ-тың бұл мәлімдемесінің ештеңені шешпейтінін айтты.

Біз екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени қарым-қатынасты нығайта береміз, – деді ол.

Бүгін Путин Солтүстік Корея шекарасына жақын Ресейдің Владивосток қаласында өтіп жатқан Шығыс экономика форумына қатысуға барды. Ол форумға қатысып, Украинадағы соғысқа қатысты бірнеше мәлімдеме жасады.

Біз Украинамен келіссөз жүргізуге дайынбыз. Бұл мәселе АҚШ-қа байланысты. Украина АҚШ не айтса соны істейді. Құрама Штаттар Украинаны келіссөзге отыруға көндіру керек, – деді ол.

The New York Times газетінің хабарлауынша, Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен келіссөз жүргізуге дайын екенін айтса да шын мәнінде уақыт создырып, Солтүстік Корея мен Ираннан қару-жарақ алғысы келеді.

Ертең Путин мен Ким Чен Ын Ресейге Украинамен соғысқа қажет қару-жарақ пен Солтүстік Кореяға берілуі мүмкін ядролық сүңгуір қайықты жетілдіретін технология туралы мәселені талқылайды.

Ким Чен Ын соңғы рет шетелге 2019 жылы шыққан болатын. Сол жылы 24 сәуірде ол алғаш рет Ресейге сапарлап барды. Ал биыл екінші рет Ресейге барып отыр. Ол 10 қыркүйекте Владивостокқа Солтүстік Кореяның қарулы күштері басшыларымен және сыртқы істер министрімен бірге жолға шықты.

Корей Халық Демократиялық Республикасы — Ресейдің Украинадағы соғысына ашық қолдау көрсеткен санаулы елдің бірі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама