×

XIX Азия ойындары: спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері жарияланды

Азиаданың чемпионы 10 мың АҚШ долларын алады

 Дастан Жұмабекұлы 12.09.2023 | 12:14
Фото: gov.kz

Туризм және спорт министрлігі алдағы жазғы Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай ынталандыру мөлшерін жариялады.

Азия ойындарының чемпионы атанған спортшыға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5 мың АҚШ доллары қарастырылып отыр.

Азия ойындарының күміс жүлдегері 5 мың АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3 мың АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген, – деді Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Өз тарихында 29-шы мәрте жалауын көтеретін Азия ойындарында 40-тан астам спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Құрлық біріншілігіне 45 мемлекет қатысады деп жоспарланып отыр.

Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама жасақталып, еліміздің әр өңірінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Спортшыларымыз жақын күндері Қытайға аттанады, – деді министрліктің ресми өкілі.

Бүгін Қазақстан бокс федерациясы президенті Кеңес Рақышев та Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарында жүлде алған әйелдер құрамасына сыйақы тапсыратынын айтты.

Оның айтуынша, алтын медаль үшін чемпиондар 50 мың АҚШ долларын, күміс жүлдегерлер 30 мың АҚШ долларын, қола медаль үшін 10 мың АҚШ долларын алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама