×

«Бос жүретін уақыт емес». Министр жол салатын компаниялардың басшыларына ескерту жасады

Олар тікелей жаңа ведомствомен жұмыс істеп үйренуі керек

 Дәурен Ерболат 12.09.2023 | 09:15
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрі Марат Қарабаев Алматы – Өскемен автожолының салынып жатқан учаскелеріне жұмылдырылған мердігерлермен көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Ведомство басшысы өңірлерге жасаған жұмыс сапары барысында Алматы қаласынан Өскеменге дейінгі автожолдардың құрылысы мен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қарап көрді.

Министр Шамалған станциясын айналып өту, «Сарыөзек-Көктал», «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық», «Қалбатау-Майқапшағай» және басқа да республикалық маңызы бар автожолдар учаскелерінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша жұмыстардың ілгерілеуін тексерді.

Марат Қарабаев учаскелердің мердігерлерімен үлкен жиын өткізіп, барлық проблемалық мәселе егжей-тегжейлі қаралды, сондай-ақ жаңадан құрылған министрліктің алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен талаптары айтылды.

Халыққа арнаған Жолдауында мемлекет басшысы елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Сондықтан жеке Көлік министрлігі құрылды. Жаңа ведомствоның алдында тұрған міндеттер зор. Біз еліміздегі жолдардың сапасы бойынша жағдайды шұғыл бақылауға алып, барынша жақсартуымыз керек. Сіздер «Қазавтожолмен» жұмыс істеуге дағдыланып қалғансыздар. Алайда қазір жұмыстың сапасы мен барынша жылдамдықты қамтамасыз ету үшін салалық министрлікпен тығыз жұмыс істеуге тура келеді, - деді ол.

Марат Қарабаев кездесу барысында белгіленген мерзімнен артта қалған мердігерлер үшін жағдайды қолға алып, қалыптасқан проблеманы түпкілікті шешу үшін соңғы мүмкіндік берілгенін атап өтті.

Әлбетте жағдайларыңызды түсінгім-ақ келеді. Осы кездесуден кейін жағдай барынша жақсармаса, нақты шаралар қабылдаймыз. Алдағы уақытта Қытайдың Көлік және коммерция министрлерімен кездесемін деп жоспарлап отырмын. Онда сіздердің тараптарыңыздан атқарылған қызмет сапасы бойынша міндетті түрде өз ойыммен бөлісемін. Бұрынғыдай қолды қалтаға салып, бос жүретін уақыт жоқ. Сіздер күн-түн демей, құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін жолда болуларыңыз керек, - деді министр.

Сондай-ақ ол жол құрылысшыларын битумның қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша мәселелерді шешуге уәде берді. Сонымен бірге ол Қазақстанның автожол құрылысына қатысатын барлық отандық мердігер және шетелдік компаниялармен алдағы уақытта кездесу ұйымдастырылатынын айтты.

Жаңа министр ретінде басты міндетім – барлық республикалық жолды басып өтіп, жағдайды бағамдау. Біз жылдамдық пен сапаға баса назар аударып отырмыз. Осы аптада орталық және оңтүстік өңірлерге бару жоспарланған. Содан кейін 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс көлемін талқылау үшін әріптестерімізбен кездесу өткіземіз, – деді ведомство басшысы.

Демалыс күндерін пайдаланып, көлік министрі «Қалбатау-Көкпекті» жол учаскесінде кеңес өткізіп, бас мердігермен қалыптасқан жағдайды талқылады әрі жұмыс қарқынын ілгерілетуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама