×

Шымкентте шенеуніктерге алданған кәсіпкер жолды жауып тастады

Қалада көлік кептелісі болып, автобустар мен жедел жәрдем жүре алмай қалды

 Халық үні 12.09.2023 | 08:16
Фото: видеодан алынды

Шымкентте шенеуніктердің сөзіне сеніп жерінен айрылған кәсіпкер жолды жауып тастады. Соның салдарынан қалада көлік кептелісі болып, автобустар мен жедел жәрдем жүре алмай қалды. Жол түскен аумақты төрт жыл бұрын әл- Фараби ауданының әкімдігі алған екен.

Ауыл шаруашылық мақсаттағы жердің құжаттарын үш айда реттеп, сатып аламыз депті шенеуніктер. Алайда кәсіпкерге көк тиын бермеген. Есесіне бұл жерге тас жол төселген. Енді ақшасын даулаған азамат көшенің екі басына тас төгіп, қозғалысты жауып тастады, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Мал асырап төрт түлігіне осы жерден жем-шөбін дайындаған кәсіпкерге тиесілі телім төрт жыл бұрын әкімдіктің балансына өткен. «Астанадан премьер-министр келе жатыр, тезірек жол төсеуіміз керек» деген шенділер құжаттарын үш айда рәсімдеуге уәде берген. Бірақ одан бері талай жыл өтсе де, көк тиын төлемеген. Сондықтан кәсіпкер ұзындығы 750 метрлік учаскенің үстіне түскен асфальт жолға тас төгіп, қозғалысты жауып тастады.

Жол жабылысымен, көлік кептелісі болып, бұл маң иін тіресті де қалды. Тіпті жедел-жәрдемнің өзі шақыртылған жерге бара алмай, айналма жол іздеп сандалып кетті. Ал осы күнге дейін «жер салығын төлеп жүрмін» деген азамат бұл қадамға амалсыз барғанын айтады.

«Сіздің жеріңізден осы жолдың бойына біз асфальт жол салайық, рұқсат беріңіздер біз барлық заңды тиісті құжаттарыңызды рәсімдеп береміз, өтемақы төленеді, айырып алу болып саналады деп уәдесін берді. Біз ол аудан әкімдігінің сөзіне сенгендіктен, рұқсатымызды бердік. Жер біздің өзіміздікі, өзіміздің құқымыз бар, асфальттың бәрін қопарып тастаймыз, сөйтіп өзімізге, кәсібімізге, мақсатымызға пайдаланамыз, бұл амалдың жоқтығынан», - дейді Бақытжан Ошақбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама