Павлодарда 9-қабаттан құлаған мас әйел аман қалды

Еркеғали Болатұлы

Қазір ол интенсивті терапия бөлімінде жатыр

фото: ашық дереккөз

Бұл туралы хабарлама «112» пультіне кеше сағат 14.37-де түскен. Оқиға орнына бірден 5 құтқарушы мен бір техника жіберілген.

«Павлодар қаласы, Академик Бектұров көшесі мекенжайындағы тұрғын үйде 9-қабаттағы пәтердің терезесінен үйге жапсарлас салынған «Экстрамед» медициналық орталығының төбесіне 1993 жылы туған әйел құлап түсті», - деп хабарлады Павлодар облысының ТЖД баспасөз қызметі.

Зардап шегуші Павлодар қаласының №1 ауруханасына жатқызылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол кеуде омыртқасының сынуы, бас миының шайқаулы диагнозымен жеткізілген. Бұғанасы мен бірнеше қабырғасы да сынған. Қазір интенсивті терапия бөлімінде жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, әйел мас болған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ал осы сәтте қызылордалық Сәбит Шонтақбаев елордада 8-қабаттан құлап кете жаздаған қызды құтқарып қалған еді.