×

Блогерлер 3 жасар қызды құтқарған жігіттің несиесін жауып, пәтер алып бермек

Келіншегі, 4 баласы Қызылордада қалған

 Еркеғали Болатұлы 11.05.2022 | 16:35
фото: ашық дереккөз

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің 8-қабатында ілініп тұрған 3 жасар қызды құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевқа белсенділер қайырымдылық жасауды ұсынып жатыр.

Бұл туралы алдымен белгілі блогер Дәулет Мұқаев Instagram-дағы парақшасына жазды.

Бұл – 3 жасар қызды құтқарған Сәбит Шонтақбаев. Менің оқырманым екен. Өзі 4 баланың әкесі, Астанада құрылыста қара жұмыста істейді. Туған жері – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. Қазір бала-шағасы, әйелі Қызылордада 14 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрады. Өз үйлері жоқ. @batyr_bloger өз оқырмандарымен Сәбиттің 450.000 тг қарызын жауып бермек. Каспийде аресте тұр, - дейді Дәулет Мұқаев.

Ал оның өзі желідегі оқырмандарынан ақша жинап, осы жұмада Сәбит Шонтақбаевқа Қызылордадан жер үй алып бермек ниетте. Сондай-ақ Дәулет Мұқаев атап өткен Батыр есімді блогер де өз оқырмандарын қызды құтқарған жігіттің несиесін жауып беруге шақырды.

«Батырмен кездестім. Сәбит 15 күн бұрын ғана жұмыс іздеп астанаға келген. Келіншегі, бала-шағасы Қызылордада қалған. Төрт баласы бар. Басында баспанасы жоқ. Осында жігіттермен пәтер жалдап тұрып жатыр. Каспиім арестте дейді. 450 мың қарызы бар екен. Жинап береміз бе?», - дейді блогер.

Онымен кездесуде Сәбит Шонтақбаев 8-қабаттың терезесіне ілініп тұрған баланы көргенде, Сағи атты досы екеуі көп ойланбастан 7-қабатқа жүгіріп шығып, сондағы терезеден үстіңгі қабатта жарты сағат бойы тұрған қызды қағып алғанын айтқан.

Тағы бір айта кетерлігі, бүгін ТЖ бірінші вице-министрі, генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев ержүрек жігітті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ ата-аналардан балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама