×

Павлодарда заңсыз ауланған 2,5 тонна шаян мен 515 келі балық тәркіленді

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды

 Динара Амантай 08.09.2023 | 10:42
Фото: polisia.kz

Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында заңсыз ауланған 515 келі балық пен 2,5 тонна артемия-салина шаянын тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Павлодар қаласында 35 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруымен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі тоқтатылды. Авто салонын қарау кезінде жедел қызметкерлер жалпы салмағы 515 келі болатын 23 қап балық (мөңке, сазан) тауып алып, тәркіледі. Жүргізушіде балық аулауға рұқсат беретін құжаттар болмай шықты. Анықталғандай, тұрғын Павлодар облысындағы көлдердің бірінде балықты заңсыз аулаған.

Басқа жағдайда, 3 қыркүйекте рейдтік іс-шаралар барысында полицейлер Павлодар қаласының тұрғынын ұстады. Оның ГАЗель көлігінен жалпы салмағы 2,5 тоннадан асатын 53 қап артемия-салина шаяны табылды.

Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша мемлекетке келтірілген залал анықталады, – деді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама