×

«Ұлы дала жорығы»: 2-кезеңде Маңғыстау облысының командасы жеңіске жетті

Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының командасы Бытығай кесенесіне бірінші болып жетті.

 Халық үні 07.09.2023 | 22:46
фото: JORYQ федерациясы

Бүгін, 7 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің екінші кезеңі басталған болатын. Таңғы 7.00-де 19 команда Ақмола облысындағы Сабынды ауылынан Бытығай кесенесіне аттанды.

Кеше ең аз уақытта жүріп өткен командалар бірінші болып бастады. Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің алғашқы 100 шақырымын бағындырып, Қорғалжын ауданындағы Нұра өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Бытығай кесенесіне жетулері тиіс. Сөйтіп, шабандоздар екі күн ішінде 150 шақырым жүріп өтті.

Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша Маңғыстау облысының командасы Бытығай кесенесіне бірінші болып жетті. Қостанай облысының шабандоздары екінші болса, жетісулықтар үшінші келді. Ал Шымкент қаласының, ШҚО және БҚО командаларының бір-бір жылқысы жарыс жолынан шығып қалды.

Өкінішке қарай, марафон-бәйгенің екінші күні Солтүстік Қазақстан облысының командасы аттарының болдыруына байланысты 2-кезеңде толығымен жарысты тоқтатты. Минск қаласынан келген халықаралық мал дәрігері Ольга Гробердің айтуынша, солтүстікқазақстандық командаға тиесілі жылқылардың бірі алғашқы кезеңде жарақат алған.

«Кеше 50 шақырымдық бірінші кезеңнен кейін жылқылардың жағдайы тексерілген болатын. Сол кезде Солтүстік Қазақстан облысы командасының бір жылқысы жарақат алғаны белгілі болды. Атап айтқанда, бір аттың (№1504) алдыңғы сол аяғының сіңірлері зақымданған. Жануардың ақсап қалғаны соншалық өздігінен жүре алмай қалды. Сол себепті команда өкілдеріне адамгершілік тұрғысынан жануарға қиянат жасамау туралы шешім қабылданғаны туралы хабарланды. Өкінішке қарай, ең жақсы дәріні бергеннің өзінде сол аттың сауығып кетпейтінін байқадық. Команда өкілдері жылқының аяғына мұз басып көріп еді, дегенмен аттың жағдайы жақсарған жоқ», – дейді шетелдік маман.

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Еске салсақ, соңғы меже – Түркістан қаласына дейін бірінші болып жеткен команда мүшелері 30 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше 20 млн және 15 млн теңгелік жүлдені қанжығаларына байламақ.

«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы, Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырып отыр.

Жобаның басты серіктестері: «Аманат» партиясы, Ұлттық спорт қауымдастығы. Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына 9 (Бәйге, Көкпар, Аударыспақ, Жамбы ату, Теңге ілу, Құсбегілік, Дәстүрлі садақ ату, Асық ату, Тоғызқұмалақ) спорт федерациялары кіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама