Материалды желідегі парақшаларға 4 мыңға жуық адам бөлісіп, 200-ге жуық адам пікір қалдырған
Ұлыбританиялық Daily Mail басылымына Уилл Стюарт атты автор елордада 8-қабаттан құлауға шақ қалған бүлдіршінді құтқарған Сәбит Шонтақбаевтың ерлігі туралы ауқымды материал жариялады.
«Ресми дереккөздің айтуынша, қыз бала жастық пен жұмсақ ойыншықтарды бірінің үстіне бірін қойып, терезеге шыққан. Қала әкімі Алтай Көлгінов Шонтақбаевқа ерлік жасағаны үшін алғыс білдірді… Қызы мен үш ұлы бар Шонтақбаевқа жаңа үш бөлмелі үй мен теледидар сыйға тартылды деген ақпарат та бар», - деп жазылған материалда. Оны желідегі парақшаларға 4 мыңға жуық адам бөлісіп, 200-ге жуық адам пікір қалдырған.
«Осындай ерліктерді көргенде, жақсы адамдар әлі де барына көзің жетеді», «Қазақстан халқы оған сөзбен емес, іспен алғыс білдіргені дұрыс болған», «Аңыз адам» дегендей сөздер жазған шетелдіктер.
Еске сала кетсек, бұған дейін елордада көпқабатты үйдегі пәтердің терезесінен құлауға шақ қалған 3 жасар қызды Сәбит Шонтақбаев есімді азаматтың құтқарып қалғанын жазған едік. Кейін осы батыл әрекеті үшін ол «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Сәбитке көмектескен досы да баспаналы болды.