×

Абай облысындағы өрт: біраз қызметкердің жалақысы өспеген

Өңірдегі өрт сөндірушілер 70 мың теңге жалақы алады

 Дәурен Ерболат 06.09.2023 | 14:14
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысындағы өрттен ондаған адамның қаза табуына қарамастан орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өспеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттың сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

Бүгінгі сауалыма «оттан көйлек киіп жүрген» жанкешті азаматтардың жанайқайы себеп. Үлкен жұмысты кішкентай жалақыға атқаруға мәжбүр азаматтарды Үкімет қазынаның қазанына жолатпау үшін барын салып жатқандай. Сөзіме Абай облысындағы орман өрті дәлел. Ондаған азаматымыздан айырылдық. Осыдан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова «орманшылардың жалақысы биыл 1 шілдеден бастап өседі» деп мәлімдеді. Күн сайын өмірлерін болмашы жалақы үшін бәйгеге тігіп жүрген мамандар қуанды, - деді депутат.

Алайда кейбір орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы әлі өспеген.

«Олардың қуанышы ұзаққа бармады. Себебі Үкімет бұл саладағы қызметкерлердің тең жартысын «ұмытып кеткен». Атап айтқанда, 1 шілдеден бастап жалақысы өскендердің санатына «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелердің директоры, директордың орынбасары, орман өртін сөндіру станциясының басшысы, аңтанушы, орманшылық басшылары сынды бірқатар маман кірген.

Бірақ осы мекемедегі өрт сөндіру станциясының сарбаздары, трактор жүргізуші, автокөлік жүргізуші, өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі, тұқымбақ жұмысшылары, радио байланыс операторы, автокөлік жөндеуші, ағаш құлатушы, қарауылшық (сторож), кіші қызметкер (техничка), бас есепші, экономист, есепші-кассир, заңгер, механик, шаруашылық меңгерушісі, кадр маманы, іс жүргізуші лауазымдарындағы қызметкерлердің айлығына көк тиын да қосылмай қалды. Үкімет тағы біреуді ұмытып кетпесін деп әдейі бүкіл қызметтің атауын тізім шықтым, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Оның айтуынша, БҚО-дағы орман шаруашылығында қызмет ететін өрт сөндірушілер 70 мың теңге жалақы алып отыр әрі одан салық ұсталады.

«Алматы облысындағы орманшыларда да осы жағдай. Қазіргі қымбатшылықта бұл ақша түкке де жетпейді. «Орманшылардың жалақысын өсіреміз» деген бастама айналып келгенде ұжымдарды екіге бөліп тастады. Біздің депутаттарға келген хатты Экология министріне жіберіп едім, сырғытпа жауап келді. Яки, «жалақысы өспеген мамандарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылсын» деген.

Біріншіден, жергілікті бюджетте аталған мақсатқа қаржы қаралмаған. Екіншіден, орман шаруашылығындағы техникалар әбден тозған. Тракторлар жүрмейді, көліктер баяғыда темір-терсекке айналған. Бұл елдегі бүкіл орманшылардың арызы деп қарау керек, өйткені керемет жасақталған бірі жоқ, - деді ол.

Депутат мәселені шешудің мынадай жолдарын ұсынды:

  • Орман шаруалығындағы қызметкерлерді бөліп-жармай, еліміз бойынша «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелерде қызмет ететін мамандардың бәрінің айлығын дереу 100% көтеру керек. Бұл – AMANAT фракциясы депутаттарының ұстанымы.
  • Орманшыларға қажетті материалдық-техникалық базаны 100% жаңарту керек. Экология министрлігі бұл шаруаны тек 2027 жылы іске асырамыз деген. Бірақ 2020 жылы Қазақстан президенті «5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу» бойынша тапсырма бергенін ескерсек, орманшылар аталған аумақтарды тілсіз жаудан немен қорғайды?
  • Орман отырғызу жұмыстарын науқаншылықпен бастап кетпей, алдымен топырақтың жарамдылығын тексеретін ғылыми зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Мәселен, БҚО-да 1 мыңнан аса гектарға орман отырғызылады деп жоспарланған. Алайда тексеру барысында ол жерлердің бестен бірінің орман отырғызуға мүлде жарамсыз екені анықталған. Бұл мәселе еліміздің барлық аймағына қатысты.

Айта кетейік, биыл жазда Абай облысында алапат өрт болып, 15 адам қаза тапқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама