×

Қазақ тілі қоғамды жақындастыратын ортақ құндылық ретінде дамуы керек – Рауан Кенжеханұлы

Тілді үйренуге барлық жағдай жасалуға тиіс

 Дәурен Ерболат 05.09.2023 | 15:25
Рауан Кенжеханұлы. Фото: халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының баспасөз қызметі

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» президенті Рауан Кенжеханұлы көпшілікті Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін – ұлтымыздың ардақты азаматы, қазақ тіл білімінің атасы, ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы дүние есігін ашқан күн. Осыдан бірер жыл бұрын дәл осы күнді тіл мерекесі ретінде атап өту туралы шешім қабылданған. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы үшін бұл – төл мереке! Қазақ тілі дегенде, мемлекет басшысынан бастап, қарапайым азаматтардың қай-қайсысының да жеке пікірі, ұстанымы бар. Тілге бейжай қарайтын адам жоқ. Бәріміз үшін ана тілі – ең қасиетті де қастерлі ұғым, Тәуелсіздікпен тең тұратын ең асыл құндылық, - деді ол.

Рауан Кенжеханұлы қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын, қазақша түс көретін орта үшін қазақ тілі теңдессіз қастерлі дүние екенін атап өтті.

«Оның қажеттілігі, маңыздылығы туралы айтып жатудың өзі артық. Тілсіз бізге өмір жоқ. Алайда бір кездегі солақай саясаттың салдарынан тіл дегенде әлі де көптің кеудесін өкініш пен ашу кернейді. Дегенмен, әсіресе соңғы жылдары қазақ тіліне шын ықылас танытатын, оны қоғамды біріктіре алатын күш ретінде танитын, ілгері ортаның салмағы артып келе жатыр. Біз құрып жатқан Жаңа Қазақстан осындай ілгері ортаға арқа сүйеп, қазақ тілі барлық әлеуметтік топ, ұлт пен ұлыс өкілдерін жақындастыратын ортақ құндылық ретінде дамуы қажет деп ойлаймын. Ол үшін бірінші кезекте қазақша сөйлейтін ағайын қазақ тілін үйренуге ықылас танытқан отандастарға жылы шырай, нақты көмек пен қолдау көрсетуі қажет», - деді ол.

Оның пікірінше, тіл табиғи байлығы мен қазіргі заманға лайық мазмұны арқылы ғана көпке тартымды, сүйкімді бола алады.

Сондықтан жас балалардың тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, ілгері техникалық ғылыммен айналысуға керек мазмұнға дейін, барлық саланы жан-жақты қамтып, қазақ тілінде сөйлейтін, жазатын, қызмет ететін, шығармашылықпен айналысатын барлық азаматтың тұлға және маман ретінде өз тілінің аясында жетіліп, табысты болуына қажетті жағдай жасауымыз керек. Осы бағыттағы жоспарымызды нақтылап, белсенді іске кіріссек, ана тілімізге қатысты барлық түйткілді мәселелерді жылдам әрі тиімді шешуге әбден болады.

 Біздің арманымыз – бір тілде сөйлейтін, бір мүдде төңірегінде ұйысқан бірлігі бекем ілгері қоғамға айналу. Барша қоғам қастерлеп, құрмет тұтатын Ана тіліміз – осындай ілгері қоғамның басты тұғыры деп білемін. Бүгінгі тілдер күнінде баршаңызды ана тіліміздің абыройын арттыруға жасампаздық, мейірім, білім және мәдениет арқылы атсалысуға шақырамын! Қазақ тілінің киесі Тәуелсіз Қазақстанға жар болсын!» - деді Рауан Кенжеханұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама