×

Павлодарда облыс әкімі бейқам шенеуніктерге сөгіс жариялады

Олар мәселені уақытында көтермеген

 Дәурен Ерболат 05.09.2023 | 13:20
Асайын Байханов. instagram.com/asaiyn.baikhan

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов оқушыларды автобуспен қамтамасыз ете алмаған бірқатар шенеунікке сөгіс жариялады, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында Павлодар ауылында оқушыларды тасымалдайтын автобустың жоқтығы айтылды.

Өңір басшысы оқу жылы басталысымен тұрғындардан түрлі шағым көптеп түсе бастағанын атап өтті.

Павлодар ауылында балаларды тасымалдайтын автобуста орын тапшылығы анықталды. Қала билігі бұған қатысты ешбір мәселе жоқтығын айтқан. Мұнда мәселені елемеу, жасыру фактілері бар екені байқалады. Бұған жол берілмеуі керек. 4 лауазымды тұлғаның бірі балаларды тасымалдау үшін автобус керектігін айтуы керек қой. Мен бұл туралы 5 қыркүйекте ғана білдім. Павлодар – 6500-ден аса адам тұратын үлкен ауыл. Ешкім бұл мәселе туралы тіс жармады. Мәселе неге бүгін көтеріліп жатыр? Қазір біз автобусты қайдан аламыз? – деді облыс әкімі. 

Асайын Байханов бүгін облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға ауыл әкімі және қала басшылығымен бірге ауылдағы ата-аналармен кездесіп, мәселені шешуді тапсырды.

Автобус сатып алу үшін мәселені көктемде көтеру керек еді.  Бұл облыстық немесе қалалық бюджетте қаражат жоқ деген сөз емес, басты мәселе – уақыттың өтіп кеткенінде, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі автобус мәселесін дер кезінде шешпегені үшін қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Гладышеваға, білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралинге, Павлодар ауылының әкімі Сырым Рушановқа сөгіс жариялап, облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға ескерту жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама