×

Барынша биік, алайда қол жеткізуге болатын мақсаттар қойылды – Смайылов

Үкіметте Жолдауды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды

 Динара Амантай 02.09.2023 | 15:10
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент Жолдауына сәйкес, Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.

Осылайша, Үкімет экономиканың басым секторларын дамытуға ден қоюы қажет. Бұл, бірінші кезекте, терең өңделген тауарлар шығару, көлік-логистика әлеуетін толық ашу, туристік кластерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешен резервтерін пайдалану, — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономикалық саясатты іске асыру, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік басқаруды жаңғырту жөніндегі негізгі шаралар туралы баяндама жасады.

Бюджет шығыстарын жоспарлауды жетілдіру туралы премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика және газ салаларын дамыту туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өздері жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан және жоспарланған шаралар туралы мәлімдеді.

Білім беру сапасы мен балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылымды дамыту мен кадрлар даярлау мәселелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек хабардар етті.

Отырыста сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, туризмді және креативті индустрияны, экология мен су саласын дамыту жөніндегі шаралар қаралды.

Әлихан Смайылов мемлекет басшысы өз Жолдауында экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету және оны әртараптандыру бойынша бірінші кезектегі міндеттерді айқындап бергенін атап өтті.

Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендегенмемлекет құру. Өз кезегінде Үкімет бүкіл күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағыттауы тиіс, — деді премьер-министр.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов мемлекет басшысы Үкіметтің алдында барынша биік, алайда қол жеткізуге болатын мақсаттар қойғанын айты. Ол үшін қажетті құралдар мен ресурстар бар.

«Президенттік реформаларды тиімді іске асыру үшін Сіздердің әрқайсыларыңызға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жұмыс үйлесімді және нәтижелі болуы тиіс. Біз алдымызда тұрған міндеттерді шешу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз, — деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама