×

Алматыда полиция халыққа басқаша қызмет көрсетпек

Бүгінгі жұмыс тәсілі ыңғайсыз

 Дәурен Ерболат 28.08.2023 | 09:05
Фото: polisia.kz

Алматыда полицияның сервистік орталықтары ашылады, деп хабарлады Polisia.kz.

Қазір мегаполистің тұрғындары мен қонақтары әртүрлі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімдерінің жанындағы фронт-кеңселерге жүгінеді. Бұл келушілер үшін де, қызметкерлер үшін де ыңғайсыз. Себебі мұнда бейбіт тұрғындардан бөлек, қылмыс жасады деп танылған күдіктілер жеткізіліп, пробация есебінде тұрған сотталғандар да келеді. Еңбек мигранттарының да қарасы қалың.

Сондай-ақ полиция ғимараттары режимдік нысан болғандықтан азаматтар толық тексеруден өтуге мәжбүр, ұялы телефондары уақытша алынып, қызметкер бірге еріп жүруі міндетті.

Президенттің сервистік орталықтар құру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін ІІМ және Алматы қаласы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Бұл жобаның тұжырымы – «клиентке» бағдарлану. Бүгінде ІІМ бағалау индикаторларын өзгертіп жатыр. Сондықтан да қажетті жаңа тәсілдер азаматтарымыздың көңілінен шығуға тиіс, – деді министр Марат Ахметжанов.

Ведомство полиция қызметтерін көрсетудің 3 деңгейлі моделін әзірледі:

  • Бірінші деңгей – модульдік бекеттер. Бұл «полиция қадамдық қол жетімділікте» қағидатын іске асырудың жарқын мысалы. Мұндай нысандар тәулік бойы көшедегі адамдардың қауіпсіздігі үшін жұмыс істейді.
  • Екінші деңгей – учаскелік полиция пункттері. Қазіргі уақытта ел бойынша 2700-ден аса пункт жұмыс істейді. Жаңа форматтағы 3 нысан Астана, Павлодар және Ақтөбе қалаларында орналасқан. Олардың негізгі «клиенттері» шағын аудандардың тұрғындары болып саналады.
  • Үшінші деңгей – өтініш берушілер мен қызмет алушыларға арналған полицияның сервистік орталықтары. Сервистік орталықтарда тегін 55 түрлі қызмет көрсетіледі. Полиция тарапынан көші-қон, әкімшілік заңнама және құқықбұзушылықтың алдын алу саласындағы мамандар орналастырылады.

Сонымен қатар онда медиатор, заң қызметтерін көрсету жөніндегі консультант және психолог жұмыс істейтін болады. Әйелдердің құқығын қорғау жөніндегі қызметтер ұсынылып, ІІМ жоғары оқу орындарына оқуға және ІІО-ға жұмысқа қабылдау бойынша кеңестер беріледі.

Сервистік орталықтардың негізгі мақсаты – қоғаммен ашық диалог құрып, халықтың сұранысына жедел ден қою, қала тұрғындары мен қонақтарына кәсіби, білікті көмек көрсету.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама