×

Құтқарушылар 14 жасар баланы қайтыс болғаннан кейін медальмен марапаттады

Ол батырдың батылдық пен жанқиярлығы үшін табысталды

 Динара Амантай 26.08.2023 | 09:09
Фото: t.me/kaztag_tg

Төтенше жағдайлар министірі Сырым Шәріпхановтың тапсырмасы бойынша, Ақмола облысының ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев қайтыс болған Владимир Гринбергті «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 шілдеде Владимир Гринберг Қорғалжын ауданы Нұра өзенінде отбасымен бірге демалуға барған. Жас батыр 12 жасар баланың суға батып бара жатқанын байқап, абдырап қалмай, бірден көмектесуге асыққан. Одан соң көмекке ересектер жүгіріп кеп, ұлдың әкесі баласын көтеріп судан шығарған болатын.

Өз өмірін ойламай, Владимир Гринберг суға батып бара жатқан адамды құтқаруға асыққан. Өкінішке қарай, бала аталмыш жерде су құйыны болғандықтан өзі де суға бата бастаған, алайда оған ешкім көмектесе алмады, – делінген хабарламада.

Баланың туыстарына адам өмірін сақтап қалғаны үшін төтенше жағдайда көрсетілген батылдық пен жанқиярлығы үшін медаль табысталды. Нұрлан Атығаев баланың ата-анасына көңіл айтты.

Айта кетсек, шомылу маусымы басталғалы бері Ақмола облысының су айдындарында 13 адам, оның ішінде 5 бала суға батып кеткен.

Ақмола облысының ТЖД судағы жүріс-тұрыс ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама