×

Данияда көпшілік алдында Құран өртеуге тыйым салынады

Мұндай шектеу Швецияда да талқыланып жатыр

 Халық үні 25.08.2023 | 20:41
Фото: Getty Images

Дания билігі қасиетті кітапты, оның ішінде Құран, Інжіл немесе Тораны көпшілік алдында өртеуге тыйым салады. Мұндай әрекетке барғандар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Данияның әділет министрі Хуммельгорд мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Оның сөзінше, Құранды өртеу – даниялықтардың қауіпсіздігіне шетелде болсын, ел ішінде болсын қауіп төндіретін жәбірлеу актісі.

Дания СІМ басшысы Ларс Лёкке Расмуссен бұл шешімді маңызды белгі деп атады. Осылайша Дания үкіметі мұсылман елдерінде кейінгі айларда болып жатқан жаппай наразылық шараларына жауап берді.

Бұл шаралардың кейбірі екіжақты қарым-қатынасты ушықтырып жіберген. Қазіргі күнге дейін Дания пікір білдіру еркіндігі қағидатын ұстанып, Құранды өртеу немесе осыған ұқсас әрекеттерге тыйым салмайтын. Мұндай шектеу Швецияда да талқыланып жатыр. Дания мен Швециядағы Құран өртеу акциялары араб елдерінде наразылық тудырды.

Солардың бірінен кейін жүздеген наразы адам Бағдад көшелеріне шығып, Ирактағы Дания елшілігінің алдына жиналды. Күштік құрылымдар жиналғандарды су атқышпен таратты. Қашқындарға көмек көрсететін Dansk Flygtningehjælp гуманитарлық ұйымына Иракта қарулы шабуыл жасалды.

Дания мен Швецияда Құран немесе басқа да қасиетті кітаптарды өртеу қылмыстық іс саналмаған. 2017 жылы Дания парламенті дініне тіл тигізгені үшін айыптауға болатын «Құдайға тіл тигізу бабының» күшін жойды.

Дегенмен расистік деп танылған әрекеттер үшін жаза қарастырылған, деп жазды журналистер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама