×

Түркістан облысында суға батқан 12 жастағы тағы бір баланың денесі табылды

10 жастағы қыздың денесі әлі іздестіріліп жатыр

 Динара Амантай 23.08.2023 | 14:07
Фото: Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі

Түркістан облысында суға батқан 11 адамның ішінен 2011 жылы туған тағы бір ұл баланың денесі табылды, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына барлығы 139 адам, 20 техника, 2 дрон және 9 жүзу құралы, оның ішінде ТЖД Жедел құтқару жасағынан 12 құтқарушы, 3 жүзу құралы және 3 техника, Шымкент қаласы ТЖД жедел құтқару жасағынан 12 құтқарушы, 2 жүзу құралы және 2 техника, Түркістан облысы ТЖД-дан 67 адам, 2 дрон, 9 техника, ЖАО-дан 35 адам, 4 жүзу құралы, 3 техника, полиция департаментінен 10 адам және 2 техника, «103» қызметінен 3 адам және 1 техника жұмылдырылған.

Құтқарушы сүңгуірлер жүзу құралдары арқылы 2 мың 300 шаршы метр су түбін, ұзындығы 42 шақырым өзенді зерттеді. Пилотсыз ұшу аппараттарын тарта отырып, 51 шақырым аэровизуалды барлау жүргізілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін 21 тамызда сағат 17:40-та Түркістан облысының Отырар ауданында, Көксарай ауылынан 3 шақырым жердегі Сырдария өзенінде шомылуға рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде 11 адамның суға батып кеткенін хабарлаған болатынбыз.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, бір әулеттің мүшелері тойдан кейін демалуға тоқтаған. Ешкімнің суға түсу туралы ойы болмаған, яғни арнайы суға түсу үшін тоқтамаған. Жаға тайғақ болған соң біреуінің аяғы тайып кеткен. Артынша басқалары оны құтқаруға ұмтылған. Бұл туралы куәгерлер қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі 11 адамынан айырылған әулетке көңіл айтып барған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама