×

ТЖМ бөлімшелерін арнайы құрылғылармен қамтамасыз етуге 633 млн теңгеден аса қаржы бөлінді

Премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды

 Динара Амантай 21.08.2023 | 10:43
Фото: twitter.com/quadrocopters

Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында Үкімет резервінен 633 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойған. Құжатқа сәйкес, қаражат табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысатын Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын және 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға бағытталатын болады.

Бүгінде ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биыл болған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетті.

Сонымен қатар қазір ашық су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізу үшін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялды 34 әуе кемесінен тұрады.

Осылайша, жаңа дрондар мен су шашу құрылғыларын сатып алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті бөлімшелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, жыл сайын елімізде 1 мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ 4 мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама