×

Көліктерін есепке қойғысы келетіндерге 1 қыркүйекке дейін уақыт беріледі – ІІМ

Көлікті сақтандыру полисінсіз жүргізген 2 мыңнан аса жүргізушіге айыппұл салынды

 Динара Амантай 16.08.2023 | 14:34
көрнекі фото: Halyq Uni

2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыруды уақтылы пайдаланбағандарға және заңнаманы бұза отырып, оларды басқаруды жалғастырғандарға қатысты полицияның қолданатын шаралары жөнінде ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Спикердің айтуынша, заңдастыру науқаны басталар алдында бірқатар заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілген. Олардың біріне сәйкес, ескі сақтандыру полистері тек бір жылға жарамды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар жарамсыз болады, ал жаңасы көлік құралы толық тіркелгенге дейін берілмейді.

Яғни, сақтандыру мерзімі таусылғандардың бұл көлікті басқаруға құқығы жоқ. Тиісінше, Әкімшілік кодекс шеңберінде оларға бірінші жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады, ал автомобиль айып тұрағына жіберіледі, – деп түсіндірді комитет басшысы.

Мұндай көлік иелерінің арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде көлікті сақтандыру полисінсіз, техникалық тексеруден өткізбей басқарған 2 мыңнан астам көлік иесі анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мың 700 автокөлік айып тұрағына жеткізілді.

Комитет төрағасы осындай автокөлік құралдарының иелеріне автокөліктер ЕАЭО елдерінен әкелінген болса, онда кәдеге жарату алымын, алғашқы тіркеу және техникалық паспорт беру жөніндегі қызметтер үшін алым төлеуге кеңес берді. Мұндай көліктердің 95 мың иесі ресімдеуден өтіп, тиісті құжаттарын алды.

Өз көліктерін заңды түрде есепке қойғысы келетіндердің барлығына 1 қыркүйекке дейін мерзім беріледі. Олай жасамаған жағдайда оларға қатысты заңды шаралар қабылданады, – деп түйіндеді Қасар Сұлтанбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама