×

Грек-рим күресінен халықаралық турнир: 2 балуанымыз алтын медальға таласпақ

Додаға балуандар 23 мемлекеттен барып қатысып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 13.08.2023 | 13:13
фото: wrestling.kz

Германияның Дортмунд қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен «Grand Prix of Germany» халықаралық турнирінде қазақстандық екі балуан екі салмақта алтын медальға таласады.

Биыл 38-ші мәрте жалауын желбіреткен бұл дүбірлі додаға балуандар 23 мемлекеттен барып қатысып жатыр.

12 тамызда алдын-ала белдесулер өтіп, финалға жолдама алған балуандар анықталды. Қазақстан құрамасынан Марлан Мұқашев (55 келі) финалда украиналық Никита Дементьевпен бас жүлдені сарапқа салады. Ал Айдос Сұлтанғалидің (60 келі) финалдағы қарсыласы – АҚШ балуаны Эльдар Хафизов.

Сондай-ақ жұбаныш белдесуінде Ибрагим Магомадов (72 келі) қола жүлдеге таласса, Демеу Жадраев (77 келі) пен Ерұлан Ысқақов (97 келі) француз балуандарымен кездеседі. Тағы бір балуанымыз Әлімхан Сыздықов (130 келі) литвалық Ромас Фридрикаспен жұбаныш белдесуінде бағын сынайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама