×

Мусиннің тапсырмасы: Абай облысындағы шалғай ауыл мобильді интернетке қосылады

Бүгінде төрт мұнара орнатылған

 Дәурен Ерболат 11.08.2023 | 17:45
Фото: ОКҚ

Бірнеше аптада Абай облысының Тарбағатай ауылына кең жолақты интернет тартылады. Бұл туралы Tele2/Altel компаниясының бас директоры Сергей Коньков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін Halyq Uni Аягөз ауданында бүтін бір ауылдың тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай отырғанын жазған еді. Тарбағатай ауылының тұрғыны Думан Кенжеғазин осы салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусиннің жеке қабылдауында да болғанын, министрдің «мәселе 10 тамызға дейін толық шешіледі» деп уәде бергенін айтқан.

Сергей Коньковтың айутынша, бүгінде ауылда спутниктік трансмиссия арқылы 2G және 3G қызметі қосылған. Алайда қазір компания ауылға кең жолақты интернетті орнату үшін жұмыс істеп жатыр.

Елді мекенге ең жақын орналасқан оптикалық-талшықты кабель 70 шақырым жерде. Кең жолақты интернетті тарту үшін біз радиорелелік желілерін салуымыз керек. Бүгінде оны салдық. Қазір соңғы монтаж жүріп жатыр. Түсіндірейін. Радиорелелік желілердің линиясы – биіктігі 50-60 метр болатын 4 мұнара. Оған радиорелелік жабдық орнатылады. Онда оптика болады. Олар тиімді радиоарна арқылы оны әрі қарай жібереді. Тарбағатай ауылына жету үшін осындай 4 мұнара қажет, - деді басшы.

Оның айтуынша, бұл жерде электр қуаты да, жол да және оны тартатын адамдар да жоқ. Мұнараларды салу үшін компания жаңа жолдар салып, жабдықты қуаттау үшін жаңа электр желілерін тартқан.  

Биыл шілденің соңына дейін ауылда (мобильді интернет) болады деп уәде бердік. Өкінішке қарай, біз жоспардан 2-3 аптаға кешігіп қалдық. Оны мойындаймын. Бірақ алдағы 2-3 аптада ауыл кең жолақты интернетке қосыла алатын инфрақұрылым тұрғысынан бірегей конструкцияға ие болады, - деп түйіндеді сөзін Сергей Коньков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама