×

Журналист облыс әкімінен белгілі жазушыға атақ беріп, кітабын шығаруды сұрады

Өңір басшысы қаламгердің елеусіз қалғанына таңғалды

 Дәурен Ерболат 09.08.2023 | 14:25
Фото: altaynews.kz

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі ардагерлермен кездесті, деп хабарлады Altaynews.kz.

Іс-шара барысында ардагерлер әкімге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маңызды мәселелерді көтерді.

Қазақстанның құрметті журналисі Айтмұхамбет Қасымов белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлының елеусіз қалғанын, жазушының кітаптары шықпай жатқанын айтты.

1997 жылдан бері кітаптары шықпады. Тіпті, 60,70,80 жас мерейтойларына туған жері Шығыс Қазақстан облысынан құттықтау хаттары бармай, 90 жасқа келіп қалған абыз ақсақал елеусіз қалды. Ермек Беделбайұлы, Ғаббас Қабышұлына облыстың құрметті азаматы атағы берілсе және кітаптарының жарыққа шығуына көмектессеңіз деген өтінішім бар, - деді журналист.

Облыс әкімі қаламгердің шығармашылығымен жақсы таныс екенін атап өтті.

Осы күнге дейін жазушыға облыс тарапынан қолдау, құрмет көрсетілмей келе жатқаны таңғаларлық жағдай. ШҚО әкімі аппаратының және мәдениет басқармасының басшысына тиісті тапсырмалар беремін. Өңірімізде Оралхан Бөкейден бастап, дарынды, елге танымал тұлғалардың шыққаны белгілі.  Біз жастарға үлгі, үлкендерге қолдау, құрмет көрсетуіміз керек, - деді Ермек Көшербаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама