×

Ақтау әкімдігі қалаға тиесілі жерді жеке адамға заңсыз беріп жіберген

Сот шешімімен жер телімі мемлекетке қайтарылды

 Динара Амантай 09.08.2023 | 12:00
Фото: ашық дереккөз

Ақтау әкімдігі қалаға тиесілі жерді жеке адамға заңсыз беріп жіберген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жер қатынастары саласына қатысты жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауын жүргізіп, Ақтау қаласы Шығыс-3 ауданындағы автожолға тиісті 13 сотық жер телімінің жеке адамға негізсіз берілгенін анықтады.

Ортақ пайдаланудағы кадастрлық құны 4,5 млн теңге болатын жолға арналған жер телімі қала әкімдігінің 2021 жылғы қаулысымен жеке тұлғаға берілген. Алайда Жер кодексінің 26-бабы 3-тармағына сәйкес, ортақ пайдаланудағы жолдар жеке адамдарға берілуге жатпайды, – делінген СЖҚА хабарламасында.

Жерді алған адам оны krisha.kz сайты арқылы 55 млн теңгеге сатуға шығарған. Антикордың енгізген ұсынымына сәйкес, облыстық жер ресурстары департаменті сотқа сату процесін тоқтатып, жерді мемлекетке қайтару туралы талап арыз берді.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен қала әкімдігінің жеке тұлғаға жер телімін беру туралы келісімшарты жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде жер телімі мемлекетке қайтарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама