×

Арнайы жасақ есірткі өсірумен айналысқан қылмыстық топтарды ұстады (ВИДЕО)

Топтың барлық мүшесі ұсталғанда есірткіге мас болған

 Дәурен Ерболат 08.08.2023 | 16:55
Фото: diapazon.kz

Қазақстанда есірткі өсіріп, сатумен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті Алматы қаласының ПД жылдам қимылдайтын және «Арлан» арнайы жасақтарын тартып, қалалық ҰҚКД-мен бірлесіп, марихуана мен гашишті аса ірі мөлшерде өсірумен және сатумен айналысқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады.

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында есірткі бар өсімдіктерді Алматы мен оған жақын аудандарда өсіруді және сатуды жолға қойған. Есірткі тек тексеруден өткен тапсырыс берушілерге жеткізілген. 

Арнайы құрылған жедел-тергеу топтары Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында 14 адамды ұстады. Бір уақытта иттерді тартып, тінту жүргізілді. Әр үйден есірткі заттары табылып, тәркіленді.

Алматы облысының Бәйтерек кентінде ұсталғандардың біріне тиесілі жеке үйді тінту кезінде құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған жарықдиодты шамдар орнатылған қосалқы үй-жай табылды. 32 қарасора бұтасы тәркіленді.

Екінші зертхана Алматыдағы жеке үйдің жертөлесінен анықталды. Бұл жерден қарасора бұталары, тұқымдар, кептірілген марихуана салынған орамалар және өсімдіктерді өсіруге арналған жабдықтар тәркіленді.

Ұсталған сәтте қылмыстық топтың барлық мүшесі есірткеге мас болған. Операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 40 келіден аса есірткі тәркіленді. Қылмыстық іске заттай дәлел ретінде тәркіленген қарасора тұқымы, оны өсіруге арналған жабдық, ұлттық және шетел валютасындағы қаражат, қылмысқа пайдаланылған ұялы телефондар тіркіленді.

Есірткі бизнесіне қатысушылар есірткіні өсіру мен заңсыз айналымынан басқа, Қылмыстық кодекстің 262-бабы («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») бойынша тергеледі. Жаза мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді, – деп жазылған хабарламада.

Полиция есірткіге қатысты кез келген іс-әрекетке қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама