×

«Бүгін алып кетсе де кеш емес»: Жүрсін Ерман ауыр дертпен қалай арпалысып жатқанын айтты

Жүрсін Ерман арбаға таңылып, шығармашылықтан қол үзсе де, айтыс өнеріне деген қызметін жалғастырып жатқанын жеткізді

 Халық үні 07.08.2023 | 21:55
фото: stan.kz

Айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ауыр дертпен арпалысып жатыр. Бүгінде арбаға таңылған азулы ақынның өздігімен жүріп-тұруы қиындаған, деп хабарлайды Stan.kz. 

Жүрсін Ерман дәл қазір Алматыда. Ол осы уақытқа дейін Швейцарияда 40 күн ем қабылдағанымен, өнер иесіне шетелдік дәрігерлер де көмектесе алмаған.

Денсаулық болмай тұр. «Қант диабеті» дейтін ауруға ұшырап, бір жылдан бері алысып жатырмын. Аяқтан қалдым, жүре алмаймын. Біраз уақыт президенттің емханасында емделдім, Астанаға барып та емделдім. Швейцарияға барып 40 күн емделіп келдім. Бірақ нәтиже болмады, арбаға отырып қалдым, – дейді Жүрсін Ерман.

Аурумен арпалысқан азулы ақын аптасына үш мәрте 4 сағат бойы гемодиолиз емін қабылдайды екен.

Енді ешқайда бармаймын. Өйткені емнің ең мықтысы дейтін Еуропаға барып 40 күн емделдім. Сол жаққа барып қайтуға президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы бөлді. Нәтижесіз ем болғаннан кейін бетім қайтып қалды. Енді не болса да осы өз елімде отырып, өз отанымның ортасында бұйырғанын көреміз. Жастай кетемін деп шырылдайтын емес, жасым 70-тен асты. Бүгін алып кетсе де кеш емес, ерте емес екен. Адамға өмірді қиып кету оңай емес қой. Әуелде қатты жығылғаннан кейін өмірмен қоштасқым келмей біраз пост жазылды, сұхбаттар да берілді. Мұның бәрі бос әурешілік екен. Сонымен осылай отырмын. Мүмкіндігінше жұмыс істей беру, – дейді ақын.

Жүрсін Ерман арбаға таңылып, шығармашылықтан қол үзсе де, айтыс өнеріне деген қызметін жалғастырып жатқанын жеткізді.

«Шығармашылықта енді бірдеңе жазамын» деп айта алмаймын. 70 жастан асқаннан кейін тоқырау да басталады. Құр әр нәрсені түртіп, шимайлап, шығара беруден пайда жоқ. Мүмкіндігім келгенше осы менің пешенеме жазылған қазақтың айтыс өнері екен, соны алға сүйреу екен, соны әлі де жалғастыра беремін. Қазір түрлі-түрлі айтыстар ұйымдастырылып жатыр. Кейінгі шыққан жастар осы жұмысты алып кетеді ғой десем, іліп әкететін ешқайсысы жоқ сияқты. Сондықтан өз бетімше тіршілік жасап, қазақтың ақындар айтысын ары қарай жүргізе беруге шешім қабылдадым», – деді Жүрсін Ерман.

Сондай-ақ ақын бұл сұхбатында атышулы жиен немересі туралы да айтты. Еске сала кетсек, депутат Дәулет Тұрлыханов пен Жүрсін Ерманның кіші қызы – Ардақ Ерманованың ортақ некесінен туған Нұрасыл Болат алматылық ерлі-зайыпты заңгерлерді соққыға жығып, басы дауға қалған еді. Шулы оқиға кезінде 19 жастағы жігіт әскери борышын өтеп жүрген.

Қазіргі хәлі жақсы. Қонаевта әскери бөлімде қызмет істеп жатыр. Анда-санда келіп кетеді, телефон шалады. Ақкөңіл жақсы бала. Біраз шулады ғой. Оған менің не қатысым бар? 20 жасқа келген жігіт, істеген ісіне басымен жауап береді. Әке-шешесі бар, – деп сөзін түйіндеді ақын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама