×

Құрғақшылық: Қазақстанда жем-шөп тапшылығы туындауы мүмкін бе?

Облыс әкімдіктері қосымша қаражат бөлуге дайын

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 14:25
Фото: inbusiness.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) еліміздегі құрғақшылық салдарынан жем-шөп тапшылығының туындау қаупіне қатысты түсінік берді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Бүгінде фермерлер 12,7 млн тонна шөп дайындаған. Бұл – биылғы жоспарланған көлемнің 50,7%-ы.

Биыл өңірлердің жем-шөп шығыны құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінген. Қажет болған жағдайда облыс әкімдіктерінің қосымша қаражат бөлуге мүмкіндігі бар.

2023 жылы алғаш рет жем-шөпті дайындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген дизель отынын ала алады. Өтінімдерге сәйкес, жанармайдың қажеттілігі – 57,9 мың тонна. Қазір оларды шаруаларға жеткізу басталды.

Сондай-ақ 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Азық-түлік корпорациясы» АҚ 235,2 мың тонна жем-шөп қорын жинады. Қажет болған жағдайда, бұл қор мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарына төмен бағамен беріледі.

Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша фермерлердің несиелік борыштарын ұзарту және қайта құрылымдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар Үкімет резервінен мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда.

Айта кетейік, Жамбыл, Қостанай, Түркістан және Ақмола облыстарында шөп дайындаудың жақсы қарқыны байқалады. Алайда Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарының қарқыны төмен.

Қостанай облысындағы құрғақшылық туралы ақпаратқа тоқталайық. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жазда жауған жауын-шашын шөптердің өсуіне оң ықпал еткен.

Облыс бойынша шөптердің орташа өнімділігі – 5,2 ц/га. Қысқа 1,1 млн тонна шөп жинау жоспарланған. Оның 843,3 мың тоннасы немесе 76,8%-ы дайындалды. 

Биыл жем-шөп дайындау үшін өңірге 6,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама