×

Жеңілдетілген микронесие алуға 5,1 мыңнан аса өтінім түсті

Жас кәсіпкерлердің 3 мыңнан аса жобасы мақұлданды

 Динара Амантай 07.08.2023 | 11:43
Коллаж: gov.kz

Жеңілдетілген микронесие алуға қазақстандықтардан 5,1 мыңнан аса өтінім түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген микронесиелер алуға 5,1 мыңнан астам өтінім түскен. Биыл жалпы 5 мың 796 микронесие беру жоспарланған.

Микронесиенің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

Микронесие алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (700), Жамбыл (512), Алматы (401), Батыс Қазақстан (329) Қызылорда (317), Жетісу (318) облыстарына түсті.

Конкурстық комиссиялардың шешімімен 3 мың 169 жоба мақұлданды, оның ішінде 2 мың 385 жобаны іске асыруға несие берілді. Қарыз алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.

Сондай-ақ микронесие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.

Қазір микронесиелер алуға өтінімдер барлық облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама