×

Жылыту маусымына дайындық: вице-премьер қарағандылық басшыларға ескерту жасады

Теміртауда жылу желілеріне ауқымды реконструкция жүріп жатыр

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 09:05
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, жылыту маусымына дайындықты тексерді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО-сында жылыту маусымына дайындық және жетінші қазандықтың құрылысы туралы кәсіпорынның бас директоры Владимир Яблонский баяндады. Оның айтуынша, 3 қазандық пен 3 турбиналы генераторды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Сондай-ақ жетінші қазандықты салу бойынша жобаны іске асыру кешіктіріліп жатыр: нысанда жұмысшылар жетіспейді, негізгі жабдықтар кешігіп орнатылуда.

Мердігер ұйым басшылығының («AB Construction» ЖШС) есебін тыңдаған Роман Скляр құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақтылы аяқтау қажеттігін айтып, оларға ескерту жасады.

Теміртауда Роман Склярға жылу желілерін жөндеу бағдарламасы ұсынылды. Қалада жылу желілерінің барлық тозған учаскесі бойынша реконструкциялау жүріп жатыр. Жұмыстар жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқталуға тиіс.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары облыстың басқа да бірқатар энергия көзін аралады. Ол Топар, Шахтинск және Қарағандыға да барды.

«Топар» МАЭС басшылығы негізгі және қосалқы жабдықтарды күрделі және қалыпты жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүріп жатқанын хабарлады.

Бүгінде жөндеу бағдарламасы 60% орындалды. Көзделген жоспарлардан артта емеспіз. Барлық міндеттемені орындаймыз, - деді «Топар» МАЭС операциялық директоры Александр Бузо.

Шахтинск ЖЭО-сының тозуы – 75% деңгейінде. 10 жыл бойы жабдыққа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл 3 қазандық пен 2 турбина жөнделіп жатыр. Роман Скляр барлық жұмыс уақытында аяқталуы керектігін ескертті.

Сондай-ақ бірінші вице-премьерге «Қарағанды Энергоорталық» компаниясының басшылығы да жылыту маусымына дайындық туралы есеп берді. Орталыққа екі энергия көзі кіреді: 3-ЖЭО және 1-ЖЭО.

Алдағы жылу беру маусымына дейін жалпы 16 қазандық пен 10 турбина жөнделеді. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Биылғы жөндеу бағдарламасының жалпы құны 13 млрд теңгеден асады.

Сонымен қарат Роман Склярға 3-жылу таратқыш құрылысының барысы туралы айтылды. Жоба кезең-кезеңмен іске асырылып жатыр. Оны іске асыру жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға және қаланың жаңа нысандарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама