×

Павлодарда оңалту орталығының қызметкерлері бүлдіршіндерді желкелеп, шапалақпен ұрған

Павлодарда бүлдіршіндерге дөрекілік танытқан оңалту орталығының қызметкері жұмыстан қуылды

 Халық үні 06.08.2023 | 06:36
ашық дереккөзден

Павлодарда бүлдіршіндерге дөрекілік танытқан оңалту орталығының қызметкері жұмыстан қуылды. Ал тәрбиеші уақытша жұмыстан шеттетілді. Олар балаларды желкелеп, тіпті шапалақпен ұрған, деп хабарлады 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы.   

«Самал» оңалту орталығындағы тәрбиешілердің дөрекілік танытатынын ата-аналардың бірі әшкерелеген. Келіншек екі жасар баласының денесі көгергенін және соңғы кездері мінезі өзгергенін байқаған. Мекемеге шағымданғанымен, қызметкерлер бала ойнап жүріп денесін абайсызда ұрып көгерткен деп сылтауратқан. Бірақ бұған сенбеген әйел бейнебақылау камераларын көрсетуді талап еткен.

Бірнеше күннің жазбасын көрген әйел жағасын ұстаған. Бұл кадрларда тәрбиешінің бірі балаларды жұлқылап, кейбірінің бетінен шапалақпен ұрып жатқаны анық көрінеді. Қазір осы оқиғаға қатысты полиция іс қозғады. 

«Балалардың өміріне қауіп төндіріп, қол астындағылардың жұмысын бақыламағаны үшін орталық басшысына әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқан уақытта «Тамшылар» бөбекжай тобының тәрбиешісі жұмыстан шеттетілді. Ал балаларға қол көтерген көмекшісі жұмыстан қуылды», – деп мәлімдеді Павлодар облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Үзденбаева. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама