×

Балалар құқығын қорғау комитеті Павлодарда 14 жасар оқушының соққыға жығылу оқиғасын бақылауына алды

Қазір зардап шеккен оқушы ауруханада ем алып жатыр

 Халық үні 01.08.2023 | 06:45
ашық дереккөзден

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодарда 14 жастағы жасөспірімнің соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы комитеттің Facebook-тегі парақшасында хабарланды.

«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті аталған жағдайды толық бақылауына алды. Қазір зардап шеккен оқушы ауруханада ем алып жатыр. Оған алдағы уақытта жан-жақты көмек көрсетіледі.

Тіркелген факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлілердің барлығы жазаға тартылады.

Балалар арасындағы қатыгездіктің алдын алу мақсатында өңірлерге білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, балаларды қосымша біліммен 100% қамту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды», - делінген хабарламада.

Рavlodarnews.kz мәліметінше, 24 шілде күні кешкі сағат 20:30-да Павлодар көшелерінің бірінде төбелес болған. 14 жастағы жасөспірім зардап шекті, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, төбелеске қатысқандардың барлығы анықталды.

«Оқиғаның барлық қатысушылары анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деді департаменттен.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жасөспірімнің жағдайы – орташа ауыр.

«Оған «жабық бассүйек-ми жарақаты» диагнозы қойылды. Сондай-ақ беті, басы, арқасы, кеудесі жарақаттанған», – деді басқармадан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама