×

Алматы ХҚКО-ларында қандай жобалар іске қосылды

Жаңа ХҚКО әлемдік стандарттарға сәйкес келеді

 Динара Амантай 30.07.2023 | 17:21
Фото: ашық дереккөз

Мемлекеттік қызметтерді сапалы және жедел көрсету мақсатында Алматының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бірнеше жаңа қызмет іске қосылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ХҚКО-ға барған алматылықтарға бірқатар жаңа қызмет қолжетімді болады. Атап айтқанда, видеоқоңырау арқылы электронды-цифрлық қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, туу туралы куәлік алу, жылжымайтын мүлік туралы мәліметтер (жылжымайтын мүлік пен ауыртпалылықтардың болу-болмауы), бала туу бойынша жәрдемақы, жүргізуші куәлігін ауыстыру және тағы басқасы.

Бұдан бөлек, Медеу ХҚКО-да жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеу үшін терминал іске қосылады.

Енді құжатты алуға өтінішті өз бетінше және жылдам беруге болады. Кезекке уақыт жұмсап, одан әрі көші-қон қызметкерінен тіркеуден өтіп, суретке түсіп, одан әрі төлем үшін кассаға жүгірудің қажеті жоқ. Құжаттау терминалы бәрін бір жерде жасауға мүмкіндік береді. Онымен қоса, азамат құжат үшін сәтті фотосуретті өз бетінше таңдай алады. Процесс 10 минуттан аспайды. Дегенмен, қателіктер мен түсініспеушіліктерді болдырмау үшін өтініш берушіге көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгіну қажет болады. Ол өтініштің, фотосуреттің және қолтаңбаның дұрыстығын тексереді , – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Айнаш Әубәкірова.

Сондай-ақ Медеу Халыққа қызмет көрсету орталығы супер орталық форматында таныстырылды. Атап өтілгендей, жаңа ХҚКО әлемдік стандарттарға сәйкес келеді.

Орталықта бірнеше аймақ бар – 10 минутқа дейінгі қызметтер үшін жылдамдық аймағы, жайлылық аймағы, ұялы телефондар орнатылған байланыс аймағы, онда азаматтар мобильдік қосымша арқылы қызмет ала алады, ХҚКО-ның бейнежазбасы бойынша қызметтерді алу кезінде құпиялылықты сақтауға арналған видеокабинкалар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жеке аймақ, – деді Айнаш Әубәкірова.

Сонымен бірге  жаңа ХҚКО-да постаматтар орнатылған. Олар арқылы дайын құжатты кез келген ыңғайлы уақытта алуға болады. Постаматтар тәулік бойы жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама