×

Клубтағы екі адамның өлімі: Ақтөбедегі жаға ұстатарлық оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Бүгін сот алды тыңдауы өтті

 Халық үні 28.07.2023 | 19:53
фото: ашық дереккөзден

Түнгі клубтағы екі адамның өліміне қатысты сот алды тыңдауы өтті. Онда 16 айыпталушы мен 6 жәбірленші бар. Бүгін Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік айыптаушы істің қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру», «Бұзақылық», «Адамды ұрлау» баптары бойынша іс қарала бастады.

Бүгін сот алды тыңдауы өтті. Оған 16 айыпталушы әкелінді. Сонымен бірге, іс бойынша 6 жәбірленуші бар. Оның екеуі - қашып, аман қалғандар. Ал екеуі - өлген адамдардың туыстары. Сот алды тыңдауы кезінде айыпталушылардың жеке басы анықталды. Олардың туған күні мен туған жері, мекенжайы нақтыланды. Бәрі де айыптау актісін алды, іспен таныс.

Іс материалына сүйенсек, бұрын сотталып, жазасын өтеп шыққан Хангелді Мұханбетшәріп, қылмыстық ортада «Сары Жасик» атымен танымал Жансерік Ищанов заңсыз «күзет қызметін» міндетіне алады. Ол үшін жанына спортқа бейім бірнеше адамды жинайды. Арасында кәмелет жасқа толмағаны да бар. 2022 жылдың ақпан айынан бастап Ищанов Ақтөбе қаласы Астана ауданында орналасқан түнгі клубты жалға алушы Қаратаевпен ауызша келісіп, «күзет қызметін» ұйымдастырды. Күзетшілер ретінде қызмет атқаруға Мұханбетшәріп, Түктібай, Исенгарин, Жаңбырбаев, Қосанов, Мырзабаев, Ерманов, Жиеналин, Серікұлы, Бақытов, Тукенов, жаса кәмелетке толмаған Муканбетжановты жинақтаған.

«Ищанов караоке мен түнгі клубтарды күзеткені үшін заңсыз жалақы болатын 1 млн 600 мың теңгені Қаратаевтан алып, адамдар арасында өз бетінше бөлді. 2022 жылдың ақпан айынан бастап 2022 жылдың 26 қазанына дейін полицияға түнгі клубқа қатысты түрлі мәтіндегі қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық туралы 66 хабарлама түскен. 2022 жылдың 26 қазаны күні сағат 00:04 шамасында «Миллиардер» түнгі клубына жәбірленушілер Көшкінбаев, Жақыпов, Төлеуов, Теміров демалуға барады. Олар кіре берісте ақша төлемей, ішімдікке тапсырыс береді. Содан соң күзетші Хасенов пен Түктібай жәбірленуші Көшкінбаевтың іс-әрекетіне іштей ашуланып, басшысы Ищановқа қоңырау шалады. Ищанов қазаға ұшыратуды бұйырып, өзі және Бақытов, Тукенов келе жатқанын айтады. Өз кезегінде Түктібай Ищановтың өзіне берген бұйрығын қалғандарына жеткізген. 2022 жылы 26 қазанда сағат 00:05 шамасында түнгі клуб ішінде бармен болып жұмыс істейтін Максим Александров Хасенов пен Түктібайға жүгіріп келіп, жәбірленушілерді меңзеп, бардан алған спирттік ішімдіктерге ақы төлеуден бас тартқанын айтады. Муканбетжанов сыбайласы Ищановтың кісі өлтіруге берілген бұйрығын орындау мақсатында Көшкінбаевты клубтан шығарып сөйлеседі. Хасенов өзінің сыбайластары Исенгарин мен Қосановпен бірге жәбірленуші Көшкінбаевты ұрып, жерге құлатып, басынан, денесінен тебеді. Тұрмыстық шаруашылыққа арналған пышағын Көшкінбаевтың сол жақ санына бірнеше рет тығып алған. Хасенов әрі қарай Жақыповты ұрып жатқанын пайдаланып, сол жақ санына бір рет пышақ тығып алған», - деді сот алды тыңдауы кезінде прокурор.

Күзетші мен түнгі клубқа келген адамдар арасындағы төбелес алдымен далада болған. Кейін соққыдан зардап шеккен жәбірленушілерді бір топ айыпталушы ішке кіргізіп ұрады. Адамдардың соққы алғанын сол кезде түнгі клубта болған демалушылар көрген. Оқиға көпшілік арасына тарап кетпеуі үшін айыпталушылар көлікпен оларды қала сыртына алып кетуді ойластырады. Сөйтіп, бірін көліктің ішіне, екіншісін жүксалғышқа салып, қала ішімен жүреді. Сол кезде жүксалғышта жатқан жәбірленуші Жақыпов қашып кетіп, асханаға жетіп үлгереді, адамдардан көмек сұрайды. Ал соңынан қуған Мұханбетшәріп пен Мырзабаев бірден бой тасалайды. Екінші көлікте отырған жәбірленуші Теміров те көлік бағдаршамға тоқтаған кезде қашып, жан сақтайды. Ал көлік ішіндегі айыпталушылар қаланың Нокин даңғылындағы жағажай маңына Көшкінбаевтың, Төлеуовтің денесін тастап кетеді.

Негізгі сот отырысы 11 тамыз күті басталады

Серіктес жаңалықтары

Сараптама