×

Қостанайда қылмыстық топ 1,6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған

Қожалық басшылары кінәсін мойындап, 62 млн теңгені өз еркімен мемлекет кірісіне қайтарды

 Дастан Жұмабекұлы 27.07.2023 | 11:37
Фото: ашық дереккөз

Қостанай облысында қылмыстық топтың 2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін ет сату бойынша ойдан шығарылған мәмілелер арқылы бюджет қаражатын жымқырған әрекеттеріне қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Қаржылық мониторнинг агенттігінің хабарлауынша, ұрлықтың сомасы 1,6 млрд теңгеден асады. Ұйымдасқан топты ірі ет өңдеу кәсіпорнының директоры басқарған.  Оның құрамына қарамағындағылар, шаруа қожалықтарының басшылары, мал дәрігерлері мен лауазымды иелері кірген.

Қылмыстық схема шаруа қожалықтарының қайта өңдеу зауытына жоқ өнімдерді, сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері арасында бөлінген субсидиялар алған артық салмағы бар өнімдерді жеткізуден тұрды. Қазір ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қылмыстық әрекеттеріне қатысы бар 50-ден астам шаруа қожалықтары анықталды. Бүгінгі таңда алаяқтық, ұйымдасқан топ құру және басқару фактілері бойынша он жеті қылмыстық іс тіркелді, – делінген хабарламада.

Топ мүшелерінің банк ұяшықтарында және есепшоттарында шетел және ұлттық валютадағы жалпы сомасы 3 млн астам АҚШ доллары бар екені анықталды.

Алдын ала тергеу кезінде қожалық басшылары кінәсін мойындап, 62 млн теңгеден астам қаржыны өз еркімен мемлекет кірісіне қайтарған. Тергеуде ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 белсенді мүшесі қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама