×

«Әкесіне сеніп істеді»: Түркістан облысында депутат кәсіпкерді соққыға жықты

Ауыр соққыдан қабағы қарс айырылып, мұрны сынған 45 жастағы кәсіпкер ауруханаға барған

 Халық үні 25.07.2023 | 22:42
Фото: видеодан алынды

Түркістан облысында депутат кәсіпкерді соққыға жықты. Оқиға Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылында болған. Аудандық мәслихат депутаты Яссауи Мүслім ауылдасы Мұстафа Әлжановты жұрттың көзінше сабаған. Кикілжіңге кәсіпкердің малы себеп болған. Яғни, 150 бас ірі қараны ауыл ішіндегі қораға әкелгеніне тұрғындар наразылық танытқан. Бұл іске халық қалаулысы араласып, арты төбелеске ұласқан. Оңбай таяқ кәсіпкер оншақты күн ауруханаға жатып шығып, полицияға арыз түсіріпті. Алайда, депутат ешкімді ұрғам жоқ деп ат тонын ала қашып отыр, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Депутат пен кәсіпкер арасындағы төбелес Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылында болған. Ауыл ішіндегі ескі фермаға жергілікті кәсіпкер 150 бас ірі қарасын әкеліпті. Оған маңайындағы тұрғындар наразылық білдіріп, сасық иіске тұншықтық деп әкім мен депутатқа шағымданған. Осы бойынша сөйлеспек болған депутат көшеде көлігіммен келе жатқанда тоқтатып алып, ай-шайға қарамай жұдырық ала жөнелді дейді таяқ жеген Мұстафа Әлжанов.

«Мына жерде су бар еді, суды ашып ішіп анаған бірдеңе дейін деп жатқан жерімнен мандатым кетсе кетсін деп, жырқылдатып ұрды. Мына жерден ұрды сразу, көз көрмей қалды жақсы, мандраж 34 секунд ұстайсың ғой, есімді жинап дегенше екінші көзден ұрды, отырмын машинада. Сонымен жынданып түсетін ой болды, бүйтіп есікті ашып түсіп жатқан кезде жағымнан ұрып құлатты ғой», - дейді ол.

Ауыр соққыдан қабағы қарс айырылып, мұрны сынған 45 жастағы кәсіпкер ауруханаға барған. Сонда 11 күн емделіп, күні кеше шыққан ол полицияға да арызданған. Бірақ, жәбірленуші депутаттың жазаланатынына сенбей отыр.

«Ол әкесіне сеніп істеді ғой, ол бар нәрсені, әкесі бывший Нұротаннан 2 рет па депутаттыққа түскен ауданда, типа көше... Көше дегенім типа бандитсымақтар. Судмедэкспертқа барып ақшаға сөйлессем көнбей жатыр деп айтып жіберіпті. Болды ғой, ол ақшаны барлық жерге предлагать етіп жатыр. Дальше больше көреміз. Егер судмедэксперт не шығарады, жеңіл дейтін болса значит сатып алып қойды, басқа не болушы еді», - дейді жәбірленуші Мұстафа Әлжанов.

 Ал басы дауға қалған депутат Яссауи Мүслім болса кәсіпкердің малы екі айдан бері ауылды шулатты деп отыр. Тұрғындар өтінген соң ауылдас кәсіпкермен көшеде сөйлеспек болғанда әңгімелері жараспай қалғанын мойындайды. Бірақ, ұрмақ түгілі саусағым да тиген жоқ деп ақталып отыр.

«Ол кісі айтты ауданның прокурорымен сөйлесіп қойғам, қолыңнан келгенін істе, сен деді әйелдердің сөзін тыңдайды екенсің, қатын екенсің деп маған айтты. Сол арада сөзге келіп машинадан түсті. Бір-біріміздің жағамыздан ұстастық, мен қолымды итеріп жіберіп едім, құлады, болды, бетпен құлады. Сөйтіп тұрды, қасы жыртылды, екеуіміз екі жаққа бұрылдық та кеттік. Ол кісі мен саған көрсетем деді, мейлі оны өзіңіз білесіз дедім. Бетпен бір рет құлады, жаман құлады бірақ», - дейді Қазығұрт аудандық мәслихатының депутаты Яссауи Мүслім.

Қазір бұл бойынша аудандық полиция басқармасы «денсаулыққа орташа дәрежелі зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Депутаттың ұрғаны дәлелденсе онда 33 жастағы Яссауи Мүслім мандатынан айырылмақ. Бірақ, кәсіпкердің әрекетін бәлеқорлық деген ол жала жабу дерегімен қарсы арыз жазбақшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама