×

Астанада Есіл өзенінің үстіне тағы бір көпір салынатын болды

Сонымен қатар биыл 70-тен аса көше салынып, тағы 300 көше ағымдағы жөндеумен қамтылады

 Еркеғали Болатұлы 23.07.2023 | 10:47
фото: primeminister.kz

Астанада Кенесары көшесінде Есіл өзені арқылы өтетін көпір салынады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек жол жұмысы құрылысының барысымен және жол-көлік желісін дамытудың перспективалық жоспарымен танысты.

Әкімдіктің мәліметінше, қазір қалада бірқатар көпірді реконструкциялау және салу жұмысы жүріп жатыр. Олар: Тәуелсіздік көпірі құрылысы, Алаш-Бөгенбай батыр тас жолы бойындағы жол өтпесін реконструкциялау, Пушкин көшесі бойындағы жол өтпесін («Можайский» көпірі) жөндеу.

Сондай-ақ Тілендиев даңғылы – Ш.Бейсекова көшесінің қиылысында көлік айрығын салу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Мысалы, Кенесары көшесінде Есіл өзені арқылы өтетін көпірді (КазГЮУ университетінің ауданы) жобалау жұмысы қолға алынды. Бұл көпірдің құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысы аяқталады. Бұл көпір жолдағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен байланыстырады.

Сонымен қатар биыл 70-тен аса көше салынып, жөнделеді және тағы 300 көше ағымдағы жөндеумен қамтылады. Әкімдік жұмыстың бір бөлігі аяқталғанын атап өтті.

Бұған қоса, биыл 400 жаңа автобус жеткізіледі. Олардың 90-ы қалаға келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама