×

Конференция лигасы: «Тобыл» іріктеу турнирінің екінші сатысына шықты (ВИДЕО)

Енді Қостанайдың командасы Швейцарияның «Базель» клубымен кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 21.07.2023 | 09:41
Фото: ашық дереккөз

Футболдан Қостанайдың «Тобыл» клубы UEFA Конференция лигасының іріктеу турнирінің алғашқы сатысында сырт алаңда Финляндияның «Хонка» командасымен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнады.

Матчтың бірінші таймында командалар жылдам ойын өрнегін көрсетіп, тез гол салуға тырысты. Алайда алаң иелері де, қонақтар да есеп аша алмады. Екі командада да мүмкіндік болды. Әсіресе, «Хонка» жасағының шабуылшылары «Тобылдың» айып доп алаңын айналшақтап жүріп, қауіпті жағдайлар жасап отырды. Қостанайдың ойыншылары да қарап қалған жоқ. Олар да алаңның қос қапталынан шабуыл жасап, алаң иелерін біраз әбігерге түсірді. Дегенмен екі команда да өз мақсатына жете алған жоқ. Таблодағы есеп өзгермей, ойыншылар үзіліске кетті.

Ойынның екінші таймы да қызықты және тартысты өтті. Кейбір сәтте ойыншылар нысананы дәл көздегенмен қақпашылар қауіпті жағдайдың бетін қайтарып отырды. Сөйтіп, 45+6 минутқа жалғасқан екінші таймның тоқетерін айтсақ, қарсыластар бір-бірінен айласын асыра алмай, ойынды тең аяқтауға мәжбүр болды.

Осы матчтағы тең ойын «Тобылдың» пайдасына шешілді. Қостанайдың клубы енді бірінші ойындағы жеңісті есепке ала отырып, UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу сатысында ойнауға мүмкіндік алды. Еске сала кетсек, бірінші матчта «Тобыл» «Хонканы» өз алаңында 2:1 есебімен жеңген болатын.

Енді «Тобыл» екінші іріктеу сатысында Швейцарияның «Базель» командасымен кездеседі.

Сондай-ақ Конференция лигасының екінші іріктеу турнирінде Шымкенттің «Ордабасы» клубы Польшаның «Легия» жасағымен, «Ақтөбе» «Сараево» (Босния) және «Торпедо Кутаиси» (Грузия) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Ойын 27 шілде және 3 тамызда болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама