×

Түркістанда оқушы «ақылды сөмке» жасап шығарды

Енді Айтуар Советбек өнімін сатылымға да шығарғысы келеді екен

 Дастан Жұмабекұлы 18.07.2023 | 13:43
Фото: facebook.com

Түркістан қаласында Айтуар Советбек есімді мектеп оқушысы өзі жүретін «ақылды сөмке» жасап шығарды. Сөмкені адам пультпен басқарып жылжыта алады. Оны қисық жол мен шоқалақтан да оңай өткізуге болады.

Оқу-ағарту министрлігінің хабаралуынша, «Төрткүл» жалпы орта мектебінде оқитын Айтуар Советбек өзі ойлап тапқан сөмкені сабаққа ұстап, көпті таңқалдырған. Оған бұл ой мұқтаждықтан келген екен. Айтуар 1 жыл бұрын жол апатына түскенде күрделі ота жасалады. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тыйым салады. Тіпті, кітап-дәптер көтеруге де болмайтынын айтады. Содан озат оқушы сабақтан қалғысы келмей, тығырықтан шығатын жол іздеп тапқан.

Үйде жатып оқу қиын. Қатарыңнан қалып қойғандай болады екенсің. Мектепке барайын десем, денсаулығым жарамады. Оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін, одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды. Қазір кітап-дәптерлерімді салып, мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі, – деді Айтуар Советбек.

Айтуардың бұл идеясын анасы да қолдап, дизайннына мән беріп, сөмкенің сырт пішінін жасауға көмектесіпті. Қазір түркістандық оқушы жылжымалы сөмкені одан әрі дамыту үстінде. Сатыдан өзі шығатын механизм жасап, өнімін сатылымға да шығару ойында бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама