×

Қаңтардағы азаптау: Астана соты қырғыз әншісінің талабына қатысты шешім шығарды

Музыкант аппеляциялық шағым түсірген

 Динара Амантай 14.07.2023 | 16:57
Фото: Limon.kg

Астана қалалық соты қырғыз әншісінің ҚР ІІМ-ге қойған талабын қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қырғыз Республикасының әншісі В. Рузахунов ІІМ-ге қатысты таратылған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тану және аталған мәліметтерді теріске шығару міндетін жүктеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Іс материалдарынан 2022 жылғы 9 қаңтарда Qazaqstan телеарнасында Қырғыз Республикасының азаматы, музыкант В. Рузахуновтың 2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысуы туралы бейнесюжет көрсетілген. Ал ол ІІМ-нің БАҚ арқылы өзінің Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы болған тәртіпсіздіктерге қатысуы және жоспарлауы туралы негізсіз айыптауын жоққа шығарсын әрі кешірім сұрасын деп талап қойған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының биылғы 19 мамырдағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған. Онымен келіспеген Рузахунов апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық сот алдыңғы шешімді күшінде қалдырды.

Сот алқасы бірінші сатыдағы соттың іс бойынша Qazaqstan телеарнасына талапкерге қатысты жазбаны ІІМ-нің бергені дәлелденбегені туралы қорытындысымен келісті.

Естеріңізге сала кетсек, қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жұмыс барысымен жүрген қырғыз музыканты Викрам Рузахунов тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен ұсталғаны жайлы видео тарады. Видеода музыкант 200 долларға жалданып, тәртіпсіздіктерге қатысқан Қырғызстан азаматы ретінде көрсетілген. Кейін ол босатылып, еліне жіберілді.

Қырғыз муызканты қыркүйек айында Алматы облысына келіп, қаңтардағы оқиғалар бойынша түсінік берген. Бес сағат бойы одан жауап алынған. Рузахунов ұсынылған 384 суреттің ішінен өзіне күш қолданған 10 полицейді таныған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама