×

Месси жаңа клубында медициналық тексерістен өтті

Аргентиналық футболшы алғашқы матчын 21 шілдеде өткізуі мүмкін

 Дастан Жұмабекұлы 14.07.2023 | 13:35
Фото: ашық дереккөз

Аргентина ұлттық құрамасының шабуылшы Лионель Месси «Интер Майами» клубының жаттығуында болды. Осы жерде ол болашақ командаластарымен кездесті.

ESPN-нің хабаралуынша, кездесуден кейін ол медициналық тексерістен де өткен. Бірақ «Интер Майами» клубының басшылығы оның фотосуреттерін ресми түрде келісімшарт жасалмайынша жариялауға рұқсат бермеді.

«Интер Майами» клубы АҚШ-тың MLS лигасында ойнайды. Клубқа Англия құрамасының экс-жартылай қорғаушысы Дэвид Бекхэм бірігіп қожалық етеді.

Месси 2021 жылдан бастап париждік клубтың намысын қорғады. Өткен маусымда аргентиналық шабуылшы 58 матчқа қатысып, 22 гол салып, 30 нәтижелі паспен көзге түсті. Ол ПСЖ-ның құрамында екі рет Францияның чемпионы болып, бір рет осы елдің суперкубогының иегері атанды.

Енді ол америкалық клубтағы алғашқы матчын 21 шілдеде өткізуі мүмкін. Осы күні «Интер Майами» мексикалық «Крус Асуль» командасымен ойнайды.

Месси – «Алтын доп» сыйлығын 7 рет, «Алтын бутсы» премиясын 6 рет алған тарихтағы жалғыз футболшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама