×

«Жайлы мектеп» жобасының құжатын қарау жеңілдейді

Жоба аясында 400-ге жуық мектеп салынады

 Дәурен Ерболат 12.07.2023 | 17:47
Фото: baq.kz

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ордаларының жобалық-сметалық құжаттамасын (ЖҚС) қарау мерзімі 45 күннен 15 күнге дейін қысқарады. Бұл туралы Samruk-Kazyna Construction басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2024 жылдың соңына дейін жоба аясында 207 жайлы мектеп салынады деп жоспарланып отыр. Қазір үш сейсмикалық және екі климаттық аймақ бойынша 32 үлгілік ЖСҚ әзірленіп жатыр.

Басшының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу тамыздың басында аяқталады.

Сарапшылар жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамалары бойынша сараптама қорытындысын 45 күннің орнына 15 күн ішінде беруге дайын. Бірақ олар сапалы әзірленген жағдайда ғана. Бұл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру қазір басымдыққа ие екенін білдіреді. Сондықтан біз тапсырыс беруші ретінде ЖСҚ әзірлеу сапасын қатаң қадағалаймыз, - деді Айманбетов онлайн-брифинг барысында.

Ол жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге әдетте 9 ай кететінін жеткізді. Алайда ұлттық жобада бұл процесс ЕРС-келісімшарт есебінен жеделдетіледі. Өйткені барлық процесс бір уақытта жүреді, бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Мәулен Айманбетов жоба аясында мектептердің саны неге қысқарғанын түсіндірді. Бастапқыда ұлттық жоба аясында 401 білім беру нысанының құрылысы жоспарланған. Бірақ оңтайландыру жүргізілгеннен кейін олардың саны 369-ға дейін қысқарды. Себебі мектептің санын Оқу-ағарту министрлігі бекітеді.

Бұған дейін өңірлерде егжей-тегжейлі тексеру жүргізіліп, кейбір әкімдіктердің өтінім беру кезінде мектеп санын қажеттіліктен асыра көрсеткені белгілі болды. Мысалы, ауылда бір мектеп бар, оның өзінде оқушы саны аз. Бұған қарамастан, жергілікті атқарушы органдар «Жайлы мектеп» жобасы бойынша тағы біреуін салуға өтінім берген. Осы және өзге де жағдайлардың бәрін ескере отырып, мектептердің жалпы саны азайды, - деді ол.

Басқарма төрағасы құрылысты кешіктірген мердігерлер жауапқа тартылатынын атап өтті.

Егер мердігер жұмыстарды орындау мерзімін кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа кешіктірсе, келісімшарт біржақты тәртіппен бұзылады. Ал мектептің құрылысы басқа компанияға беріледі. Барлық жайлы мектепті уақтылы салып, тапсыру үшін осындай қатаң шаралар қабылданып жатыр. Оның үстіне, егер мердігер шарт талаптарын орындамай, жұмысты уақтылы атқармаса, бізде банктік кепілдік бар. Яғни, мердігер жосықсыз болғанның өзінде, бюджет ақшасы далаға кетпейді, - деді Мәулен Айманбетов. 

Айта кетейік, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 2,3 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 461 млрд теңге – Ұлттық қордан, ал 1,8 трлн теңге – республикалық бюджеттен. Бүгінде 116 жайлы мектеп бойынша конкурстық рәсімдердің қорытындысы шығарылып, мердігерлермен келісімшарт жасалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама