×

Фермерлерге 133,6 млрд теңге субсидия төленді

Бүгінде gosagro.kz порталында қазақстандық фермерлер 100 мыңнан аса өтінім берген

 Динара Амантай 12.07.2023 | 16:30
Фото: ашық дереккөз

Фермерлерге 133,6 млрд теңге субсидия төленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде gosagro.kz порталында қазақстандық фермерлер 100 мың 144 өтінім берген. Жергілікті басқармалардың қарауында 37 мың 236 өтінім бар, ал 22 мың 444 өтінім мақұлданған жоқ.

«Күту парағында» жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 32 мың 146 өтінім тұр. Бұл өтінімдерді жүйе толығымен өңдеп, басқармалар қазынашылық жүйесі арқылы төлеп жатыр. Қазір фермерлерге шамамен 69,4 млрд теңге төленді.

Бұл сомадан басқа, мемлекеттік субсидиялау жүйесі арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алдында 28,4 млрд теңгеге субсидиялар бойынша былтырғы борышы өтелген. Қолданыстағы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау шарттары бойынша бүгінде 40,4 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданып, 35,8 млрд теңге төленді.

Жалпы, СБМАЖ арқылы 133,6 млрд теңге төленді.

Сонымен қатар, облыстық АШБ «күту парағына» сәйкес, фермерлерге 31,8 млрд теңгеге субсидия төлеген жоқ.

Пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың жаңа ұсыныстары бойынша 109,3 млрд теңгеге 5 мың 77 өтінім берілді. Қазір АШБ 18,5 млрд теңгеге 968 өтінімді мақұлдап, резервке жіберді.

Осылайша, Ауыл шаруашылығы басқармаларына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 57,3 млрд теңгеге 2 мың 881 ұсыныс жеткізілді. Қағидаларға сәйкес бұл ұсыныстарға қаражаттың түсуіне қарай шарт жасалып, қол қойылады. Резервтен келісу мен қол қою сатысында 724 шарт бар. 171 шартқа қол қойылды.

Айта кетсек, қазір бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді және онда 52 мың 110 пайдаланушы тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама