×

Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қауіпсіздігі орташа мекемеге ауыстырылмаған

16 маусымда апелляциялық сот алқасы қылмыстық істі қайта қарап, сотталғандар жазасын өтейтін мекеменің түрін өзгертті

 Халық үні 11.07.2023 | 23:37
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин қамауда ұстау режимі жеңілдетілгеннен кейін орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылмаған. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлайды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, айыпталушы үкім заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталады. Қазіргі уақытта сіз көрсеткен адамдар (Мәсімов, Садықұлов және Ерғожин) жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелеріне жіберілген жоқ», - деп хабарлады ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Сағат Мәдиев.

16 маусымда апелляциялық сот алқасы қылмыстық істі қайта қарап, сотталғандар жазасын өтейтін мекеменің түрін өзгертті. Осылайша Кәрім Мәсімов, Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Өсіпов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды. 

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

Жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама