×

Түркістан облысында тауда жоғалған туристің денесі табылды

Жер бедерінің таулы, тасты болуы мәйітті түсіру жұмыстарын қиындатты

 Динара Амантай 11.07.2023 | 15:35
Фото: видеодан скриншот

Бүгін Түркістан облысы ТЖД құтқарушыларының күшімен теңіз деңгейінен шамамен 3 мың 800 метр биіктіктен 3 шілдеде жоғалған 1967 жылы туған ер адамның денесі табылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ер адам таудың басынан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, ол мұз бойымен домалап, еңіске құлаған. Қазір оны төменге түсіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тауда қалыңдығы 20 см қар жамылғысының жатуы, жер бедерінің таулы, тасты болуы түсіру жұмыстарын қиындатты. Сондай-ақ таулы шатқалдардың тік орналасуы және көптеген табиғи кедергілер құтқарушылардың қимыл-қозғалысына да кедергі келтірді. Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Альпинизм федерациясының кәсіби альпинистері жұмылдырылды.

Айта кетсек, Сайрам шыңы – батыс Тянь-Шань жүйесіне жататын Өгем жотасының ең биік нүктесі. Оның биіктігі – 4 мың 238 метр. Шыңына жету қауіпті саналады. Оны тек кәсіби альпинистер бағындыра алады.

Сайрам шыңына 3 шілдеде шыққан 3 туристің бірде-бірінің кәсіби альпинист емес екендігі және арнайы жабдықтармен жарақтандырылмағаны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама