×

Қосшыда қазақтың атақты ерлі-зайыпты қайраткерлеріне көше берілді

Екі көше бір-бірімен қатар орналасқан

 Дастан Жұмабекұлы 11.07.2023 | 12:30
Фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Ақмола облысының Қосшы қаласында қазақ боксының негізін қалаушылардың бірі Шоқыр Бөлтекұлы мен оның сүйікті жары – қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапаловаға көше аттары берілді.

Шоқыр Бөлтекұлы 1916 жылы 29 қазанда Маңғыстау облысы, Жармыш ауылының маңында, Сарқауақ деген жерде туған. Ол өткен ғасырдың 30-жылдардағы ашаршылық, аласапыран тұста Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйінде оқып, орта мектепті бітірді. ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1944 жылы жарақаттанып, елге оралады.

Шоқыр Бөлтекұлы рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен. 1947 жылы Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесі институтын бітірген. 50-жылдары Қазақ КСР-інің үш дүркін чемпионы атанған.

1937 жылы Шоқыр Бөлтекұлының басшылығымен бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігі болды. Оған 50 спортшы қатысқан.

1947 жылы Шоқыр Бөлтекұлы Мәскеуде өткен Кеңес одағының біріншілігіне Қазақ КСР-нің құрама командасын бастап барды. Оның мектебінен Мақсұт Омаров, Әбдісалан Нұрмаханов, Серік Әбдінәлиев, Виктор және Владимир Каримовтар, Асқар Құлыбаев секілді талантты шәкірттер тәрбиеленіп шықты.

Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылы 78 жасында Алматы қаласында дүниеден озды.

Оның сүйікті жары – қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалованың атына берілген көшелер бір-бірімен қатар орналасқан.

Нұрсұлу Елубайқызы Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. 1998 жылы 13 қарашада Алматыда дүние салған. Ол – қазақтың тұңғыш балеринасы. 1947 жылы, 24 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі атанды.

1936-1938 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында балет әртісі ретінде сахнада өнер көрсеткен. Дариға (И.Н. Надировтың «Көктемінде»), Зарема (Б.В. Асафьевтің «Бакшасарай фонтанында», 1942-43 жылдары, Г.С. Улановамен бірге), испан биі (П.И. Чайковскийдің «Аққу көлінде») мен басқа да балеттік партияларды биледі. Сондай-ақ ұлттық опералардағы (Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», А. Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайы», М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасы») жеке билерді нақышына келтіре орындады.

1939-1941 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында балет бишісі, 1941-1945 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында биші, жауапты биші, 1945-1953 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрында прима-балерина болды.

1975 жылға дейін сахнадан түспеген Н.Тапалова «Киноконцерт», «Белая роза», «Жамбыл» және басқа да 20 шақты киноға түскен.

Кезінде Бауыржан Момышұлы бишінің жұбайы Шоқыр Бөлтекұлы туралы «Екі-ақ нағыз қазақ бар, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – деген екен.

Ол боксшының фамилиясын қазақша жаздырғаны үшін айтса керек. Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалованың Айсұлу, Тоты деген екі қызы бар.

Жалпы, анам мен әкемнің махаббаты өте керемет еді, тіпті, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын. Анам әкемді үнемі Шоқ деп отыратын, ал әкем анамды бәрінен де сен сұлу деп еркелететін. Олар тіршіліктегі жоқшылыққа, жұрттың алыпқашпа әңгімелеріне мән бермейтін. Өзінің сұлулығы мен өнері үшін қызғаныштың қызыл отына көп күйді. Небір айтқыштар болады ғой, не десе де мен оларды бір Жаратқанға тапсырдым, ит үреді керуен көшеді демей ме қазақ, қайдағы бір шәуілдеген дыбысқа бола керуен жүрісінен жаңылмас деп отырушы еді. Анам туралы сыр ағыту маған өте ауыр, жүрегімдегі махаббатымды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әкем өмірден кеткенде қатты қайғырып, өзі де айықпас дертке шалдығып, 5 жылдан соң көз жұмды, – деген еді Тоты Шоқырқызы.

Ақмола облысының Қосшы қаласында қазақтың атақты ерлі-зайыпты қайраткерлері – Шоқыр Бөлтекұлы мен Нұрсұлу Тапалованың құрметіне бір-біріне жақын көшелердің берілуі қазақ өнері мен спортына, жалпы аттары тарихта алтын әріппен жазылған азаматтарға көрсетілген құрмет деп білеміз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама